Қамал бұзған қаһарман,
Абылайдан бата алған.
Қам жасаған қазағын
Қалдырмауға қатардан.
Абыройын халқының
Алатауға апарған.
Тартып тілін көрмеген,
Таусылғанша татар дәм!..
Қазағының қамы үшін
Қамшылаған намысын.
Жалпақ елдің жалғаған
Жақыны мен алысын.
Көк найзасын көтеріп,
Күні-түні жортса да,
Арып-ашып көрмеген,
Артық туған Арысым!
Көсілгенде – көсемім
Шешілгенде – шешенім.
Қиқулаған кезінде
Кім қайтарар меселін?!
Арындаған арғымақ,
Нәр татпаған неше күн.
Өзгелерге айтпаған
Өзі білген есебін.
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ