Жалғыз бұлақ – мөлдір көз,
Дәуітбай сайы астында.
Сол арада болдың кез
Шөліркеген жас тырна.
Аңызақ соғып талдырып,
Су іздеп келдің қаңғырып.
Тимедік біз де сусынын
Алсын деп әбден қандырып.
Сен қалдың алғаш кезінде
Жасқанып, бізді жатқа ойлап.
Ұшырдық көктің жүзіне
Қанатыңа хат байлап.
Жазылған еді сол хатта
Сол жылдың шуақ күн, айы.
Біздердей жанға әр шақта
Кездессең болар ұдайы.
Сырбай Мәуленов