Дидарына Күннің нұрын сыйғызған,
Әйел – бүкіл Адамзаттың еркесі.
Әйел десе – қара тасқа тіл біткен,
Әйелдердің жүрегіндей гүл біткен.
Бұл дүниеде
Егер әйел болмаса –
Ешбір үміт етпес едім тірліктен.
Тарихтың арғысы мен бергісі,
Әуелден-ақ, халық сыйы, ел күші.
Әуелден-ақ сұлулықтың символы,
Әуелден-ақ Әсемдіктің белгісі.
Тіршілікте терең жайған тамырын,
Аямаған Ай мен Күннің жарығын.
Ақиқатқа шөліркесем, шөлдесем,
Әйел – менің жарылқаушы, тәңірім.
Ой түсіріп,
Сәуле беріп санаға,
Айналдың сен сая – мекен, панаға.
Тіршілікті уысында ұстаған
Әйел – мәңгі Жаратылыс!
Жер – Ана!
***
Емес олар
Жаудан бұғып жасқанған,
Ана биік асқар таудан, аспаннан.
Бұл Әлемнің Жаратылыс жарығы
Әйелдерден – Аналардан басталған.
Тарихтың қатпар-қатпар сыры мың,
Сала алмайды тағдыр оған құрығын.
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ