– Ал, шырқа, – дедің, – інім, сен,
Қалмауың керек арманда!
Тұлпарын топқа салғандай,
Тағатың сонда таусылды.
– Шырқашы қалмай арманда,
Естісін Есіл даусыңды!
Сол сәтте дейсің, жан аға,
Шырқап бір кетсем керек мен,
Шалқыған әуен далада
Балқыған ыстық жүрекпен.
Үзіліп әуен біткенде,
Кеудеңде жалын лапылдап…
Осы бір сәтті күткендей,
Жаныма келдің жақындап.
Төгіліп мейір – жарығың,
Құшағыңменен қаусырған.
– Жаңылма, – дедің, – ал, інім,
Осынау асқақ даусыңнан!
Әуелеп әуен ауаға,
Әкетті әрі жел үрлеп.
Бір жасап қалдың, жан аға,
Бойым да менің жеңілдеп.
Байқасам… Сонда мен білсем,
Құлағың түріп осы үнге,
Ойлана қарап қалдың сен
Ағып бір жатқан Есілге.
Талай жыл өтті… ал енді
Тілдестім небір тау-шыңмен.
Шырқасам, шіркін, сол әнді
Баяғы бала даусыммен.
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ