Дәстүрімді, салтымды сезбеген соң,
Қан жұтасың,
Қайғырып, қамығасың!
Басым,
Басым,
Бәрі де басым, басым.
Ақиқатты жүрегім жасырмасын.
…Әлдеқандай әңгүдік қамшы үйіріп,
Менің момын халқымды басынбасын!
Шаршадым талай – шарпылдым,
Аңсадым талай – шарқ ұрдым.
Тасыдым талай – сарқылдым,
Жасыдым, мұңға шарпылдым.
Сөйледім талай – шешілдім,
Сермедім талай – көсілдім.
Өзгеге айтпай мұңымды,
Өлеңге ғана көшірдім.
Толыстым – талай арыдым,
Торықтым – қашан жарыдым?!
Кеудемді кеулеп кіріп ап,
Аяздай қатты қарыдың.
Құладым – талай аһ ұрдым,
Жыладым – талай бақырдым.
Жүректі жиі жаралап,
Басымды әбден қатырдым.
Құмартып талай – басылдым.
Мұнартып талай – ашылдым.
Тауларға арқа сүйедім,
Шыңдарға барып асылдым.
Мөлдіреп тұнып – төгілдім,
Елжіреп тұрып – егілдім.
Қасірет тартқан арбаның
Қамытын киіп– жегілдім.
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ