Кейде тіпті қамшы боп от үйіріп,
Кейде тіпті тамшы боп ағасыңдар.
Қаншама қадіріңді мол ұқса да,
Қорқады-ау кейде сенен халық дана.
Аспанда оқ пенен оқ жолықпасын,
Бәрібір бұлт пенен бұлт жолықса да.
…Әне бір көзге іліккен қазбауыр бұлт,
Әкеле көрме әйтеуір жазға ауырлық.
Астында туған жердің аспанының
Өзіңді ерке желдің қозғауын күт.
Бір ой мені өртеп жүр,
Үмітім бе ертеңгі?!
Ұғына алмай досым жүр,
Түсіне алмай еркем жүр.
Соның бәрін қағазға
Түсіре алмай көркем жыр.
Бір ой мені өртеп жүр.
Оймен ғана ағарған
Адамдардың ақ басы.
Оймен ғана жаңарған
Дос көңілі, дос нәші.
Айналып кеп ақылға
Бір тірейсің ат басын.
Ойсыз өмір – уайым,
Ойсыздықтан құдайым
Әрқашанда сақтасын!
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ