ЖУСАН

Сіміріп нұрын аспанның,
Өн бойың түгел күміс көк.
Құмарлық кілтін ашқанмын,
Жусаным, сені иіскеп.
Атадан қалған асылдай
Соншама маған жақынсың.
Жасаурап көздің жасындай,
Сен неге кермек татисың?!
Өзіңдей, бәлкім, дүние,
Төсінде дала – дарқан бақ.
Батырлар сенің түбіңе
Аттарын кетті-ау арқандап,
Қыртысын жердін бүтіндеп,
Шырқадың, бәлкім, жол әнін.
Тұрсың сен гүлдеп, лүпілдеп
Жүрегіндей даланың.
 
Қара бұлттың салмағы жерге батып,
Қара нөсер әкелді елге бақыт!
Қара кеште көлбақа әндетеді,
Қара мақпал жамылған көлде жатып.
Құшырланып, жасық боп тусаң да өзің,
Құмарлыққа болады сусар кезің.
Тыныштыққа үйренген бұл далада
Күміс шыққа шылайды жусан көзін.
Әр жауынның артында өкініш қап…
Кемпірқосақ тұрады бекініс сап,
Әлсін-әлсін аспанның жұдырығы
Түйіледі бір түйір от уыстап.
Қағылғанда аспанның барабаны,
Қалмағандай жайғасар жан амалы,
Құлын-тайлар желісін бырт-бырт үзіп,
Арқандаулы ат құтылған даладағы…
Шалғын іші шалшық су көл боп кеткен,
Еңкеу өзен арнасын өрнектеген.
Есі шығып жаңағы жанталаста,
Ешкі-лақтар қыр асып, желдеп кеткен.
Қой-ешкіге күн-түні жаны ашыған,
Қойтөбет те табылды панасынан.
Қыр гүлдері құлпырып қоя берді,
Қайта туып табиғат анасынан.
 
 
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *