Сан арман, сар арпалыс үмітпенен,
Кеудемде мөлдірліктен тұныпты өлең,
Жылғада жүгірген бір бұлақтай боп,
Жиырмаға шықтым, міне, жігітпін мен!
Жиырма жас – жалын жанған жәудір аспан,
Жиырма жас биіктікті, тауды ұнатқан,
Самғайды сұңқардайын сыр көгінде,
Талғайды кең далада таңды да атқан.
Жиырма жас – жібек желдей гүлді үрлеген,
Қос шектей кең далада күмбірлеген.
Жиырма жас тасқа басты соқтырса да,
Кезінде байқатпаған, білдірмеген.
Жиырма жас – тың даладан күш тапқандар,
Жиырма жас – жайдары жаз, сұсты ақпандар.
…Әттең, әттең күш жоқ-ау бұл жалғанда
Жиырма жастың жылдарын ұстап қалар!
Осы күні елге барсаң дүлдүл бар,
Сағынышын білдірмейді құрғырлар.
Дәмін тосып әлек болған ағаң бар,
Әнін қосып әлек болған құрбың бар.
Атқа демеп мінгізеді бір інің,
Шал тілейді жамағаттың жұрымын.
Қазан жақта қарындасың жүреді,
Қағып тастап қайта-қайта бұрымын.
Жұртың жүрер жайғастырып егісін,
Сылқым жүрер жайнаттырып ел ішін.
Кемпір жүрер дегбір қалмай, дәт қалмай
,
Қайта-қайта алмастырып кебісін.
Шаруа шалдар белін буып жатпастай,
Онсыз тегі өмір таңы атпастай.
Ертең олар бұ дүниеден көз жұмса,
Оның қойын басқа біреу бақпастай.
Көрінеді олар маған батырдай,
Көзге көсем, сөзге шешен ақындай.
Ауылдағы семіз қазы, бал қымыз
Аталардың адал махаббатындай.
Бірақ соның сыр-сұхбаты сарқылмай,
Ең соңғы рет ақ алмастай жарқылдай,
Жөнеп жатыр жер бетінен жоғалып
Көзге түсе бермейтұғын алтындай.
Осы күні елге барсаң бұлбұл бар,
Бірақ соны сездірмейді құрғырлар.
Дәмін тосып бәйек болған ағаң бар,
Әнін қосып әлек болған құрбың бар.
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ