Дауылдай алып соқпа сияқты үміт

Дауылдай алып соқпа сияқты үміт,
Жүрсең бір жанталасып, жиі аптығып.
Көтерсе кейде өзіңді заңғар көкке,
Тастайды кейде өзіңді ұятты ғып.
Жалқаудай жамбасыңмен тоя жатқан
Өзіңді тым тарылтып қояды ақпан.
Желің бар, дауылың бар,
Бола алмайсың
Өзендей арнасында баяу аққан.
Түбінде өміріңе тұрақ бардай,
Келеміз бәрін шауып, құлатқандай.
…Басында шырқау шыңның қар жатқанда,
Үміт үзбеу керек қой бұлақтан да…
Айналаны ішіп-жесе момын жел,
Момын желге қырқа біткен жоның бер!
Көктем келсе ағыл-тегіл дүние,
Еріп сала береді ғой көңілдер.
Алдан шықса гүл бәйшешек сызылып,
Қалар ма екен сезімім де бұзылып?!
Алты ай қыстың жіңішкерген аяғы
Бүгін-ертең кетер ме екен үзіліп?!
Ақ бас шыңдар арбағанға алданбай,
Ақ бұлақтар болса-дағы жар қандай,
Бұлқынады бұла шыңның бойында,
Жұлқынады жау жағадан алғандай.
Дөңбекшиді дөң үстінде тастар дәу,
Шұбар шыңнан қажет еді жас парлау.
Осыншалық олпы-солпы дүниеден
Мүмкін емес бір бұлқыныс басталмау.
 
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *