«Ішірткісін өздері беріп алып…»
Мұқағали
Талайды оқып, талайды көріп,
Өскенмен, пай-пай, оңбайды жеңгем, –
баласын кейде сабайды келіп,
Мао-Цзедундай торғайды жеңген.
Қайтпаса беттен жарады дер ем,
Ісіне барлық кісі еді берік.
Ағамның арақ-шарабыменен
Айқасқа сосын түседі келіп.
Қайтарар жауап, жаңа күшпенен
Жасардай ағам бір атақты ерлік:
«Адольф Гитлер арақ ішпеген, –
Ал содан қандай рақат көрдік?!»
Сөйлейді жеңгем: «Түбінде сендер,
Өз түптеріңе де жетесіңдер ғой.
Бір-екі күндей сімірмесеңдер,
Гитлер болып кетесіңдер ме, ей?!»
«Адасқандарды қорғайды қулық, –
Айтайын деп ем ерлерге сыр қып:
Шындық бар жерде болмайды мұңдық,
Ішпеймін, – дейді ол, – жеңгенде шындық.
Талайды сұмдар түсіртті көрге,
Шындықтың өзін жырласа да оңды».
«Ішпесең ішпе! Ішірткі берме,
Ешкімді ішкіш қылмасаң болды!»
Дәме етіп жұрттан міндетті құрмет,
Кісімсіп, ерсіп көреген, ойлы:
«Алкоголизмді…бір дертті бір дерт,
Неврастения жеңе ме? – дейді. –
Ақылдың шыңы – қиранды ғана!
Оздырған қару-жарақпен ойын, –
Біз аяп келдік…тиранды ғана,
Тұз-дәмі біткен сағатқа дейін».
Түйілер сосын әдемі қасы:
(Шарықтап айтыс, жыр қызып жатыр)
«Науқанның құлы – пәленің басы,
Пысықтың бәрі – инквизатор.
Қайныңа–анау қонағыңа да аян,
Бір ой бар бүйір таянған қолдай.
Омарға сенген–болады Хаям,
Сенбеген кетпек Хаям да болмай!»
Көрінді сонау қиғылық та ерлік,
Ағама бір сөз берейік пе әлі?
«Қасқырдың миын ми қылып келдік,
өлтірмей жеңіп көрейік-тағы!»
Жұматай Жақыпбаев