Бір жасымды өзімнен үзіп беріп жайыммен,
Шоқ жұлдыздың сəулесін жамылып ап ымыртта.
Бұтағына ай ілген,
ақылдасып қайыңмен,
Құшақтасып, құлақпен Мыңбұлақтан мұң ұрттап.
Оқыс жанған ұшқындар, осы күткен жағымнан,
Жеті қабат шекпенін шешіп тастап жұмыртқа;
(Шақыра ма кім білсін?)
Бақырады қабынан.
Сол бұтақтан жұлынған жапырақтар қабірсіз,
Табанымның астында аһ ұрады, сабы үнсіз.
Етегімді жұлқыған есалаң жел сабырсыз.
Жүз жасауды армандап бақытты аңсап уайыммен,
Уақытым тоқтап тұр мағынасыз, ағынсыз.
Кеше біреу тастаған кемтар жаңсақ пайыммен,
Иіс келеді маңымнан… Неғыласыз…Жағымсыз…
Іңірдегі бұтақтар мүйізіне ай ілген
Қараңғының уысында құсық арман аһ ұрды,
Қыл қобыздың шектерін мысық тырнап;
«ы-ыр» ышқын.
Кеше басқан іздерін іздеп барған пақырдың,
Өкшесінің мөрінен бір бозторғай пыр ұшты.
Дір еткізіп жүректі.
Тұрақтамай жүретін мұраттардай ақырғы.
Ескі жара аузында қармақ ұстар малғұн-ды,
Төбесінен төпештеп көбесімен жапырды ол;
Жаңа жолдың үстіне шала өскен шалғынды,
Жас томардың түбіне «кір-р» еткізіп күректі.
Тас қабірдің жігінде бұралқы ойлар жорғалап,
Ырылымен ырғынмен…
(Мұндай жолмен кім жүрген?)
Зорға шықты ай қорғалап.
Күрегімнің түзінен жүрегімді аластап,
Маңдайымнан, жонымнан жаңбыр суы сорғалап…
Ескі жоба,
Ескі жол жетегінде жүрмін мен.
Жұлқынар да халім жоқ, шамасызбын бұлқынар.
Тұяғының ұшқыны ұланғайыр жалын боп,
СҰРАҒАН РАХМЕТ