Неге ішесің мұншама
қайран ақын,
Жібекке де, тасқа да
қайралатын.
Сен тастаған өлеңнің
Белдеуіне.
Белді аспаған біреу кеп
байлады атын…
Қуып тынды «жыр» деген
сахнадан
Сені ішуге баулыған
ақын ағаң.
Сенің көшкен жұртыңа
күрке тікті
Бояулы сөз, бос мылжың
ақымақ-əн.
Қайран ақын бүгілді
қай қанатың?
Қайда жырың қатқылдау
қайда дəтің.
Сарайыңды сарқыттың буы бітеп,
Маңайыңды торлады май-қара түн.
Соқыр есен, амал не ақсақ тыңды
Сен ішті деп бозқурай
Сақ-сақ күлді.
Біреулердің ішінде бөрі ұлып,
Тірі ақынды жұтатын
мақсат тұрды.
Ақын едің таза едің
тағылымды ең,
Арша исі аңқитын ақ үніңнен.
Мақта-пышақ, мақтау-сөз
Бəрін əкеп,
Масыл ағаң ойнап жүр
Тамырыңмен.
Жұрт «тіседі» деуші едің
жұрт «тіседі»,
Бірақ сол жұртың жыр емес,
Іріткі ішеді.
Пəк жаныңа у сеуіп жалбыр
бастар
Үніңді ұрлап құдай-ау құртты сені.
Жалғыз қайың,
жап-жарық гүлдей мүсін,
Неге ішесің ел жырғап
жүр деймісің.
Мұқағали, Чойномдар түскен
Жолдың,
Құрманханды жұтқанын
білмеймісің.
Неге ішесің, бауырым,
Неге, неге?
Қасіретті у ішіп шегере ме?
Жеңіс тілеп жалғаннан
Мұңданасың.
Сен ішті деп он саусақ
теңеле ме?
Неге ішесің мұншама
қайран ақын.
Жібекке де, тасқа да
қайралатын.
Сен тастаған Өлеңнің
белдеуіне
Белді аспаған біреу кеп
байлады атын.
19.09.1995
* * *
«Мен – бөтенмін…»
Франц Кафка
Күн ыстық
Күрең ойдың шоқ жалмайды
Икемін,
Қимылдардың алдындағы
тыныштық,
Қабығында қалғып отыр
жүйкенің.
Құр шындық,
сыртқа шықпас суда жүзген
балықтай.
Өзгерістер шегіністің
сырынан.
Қалыптасты, қалыптасты
жалықпай.
Тірлігім,
Бірлігі жоқ өзендердей мың сала,
Қара таспын бүгін кезеңге өрлей,
кезеңге өрлей
жусаған.
Кетсем бе екен ең ақырғы нүктесі боп
Шимайдың.
Өкінбеймін, тірілердің санасында
Мəңгі көктер бидаймын.
Бидаймын,
Өнімімін игі жылдың,
сыйлы айдың
Құлағымнан төмен тартты
құйды Мұң.
Өмір жаңалық емес
Бірақ,
Мені көміп жатқандарды
қимаймын!
30.10.1995
* * *
Қара жерменен ғазиз де қарбыз
басым тең.
Сана жұлдызы жарқырап аққан
жасыл сең.
Алғашқы заңдылық жазылған
тастар айтады:
«Қаймана халық құдайдан жалғыз
жас үлкен…»
Алты құрлығым ауаның, будың
Күшінен,
Тұрса да оның өлімі қос аяқ
малғұн-Кісіден.
Екінші формула:
Етпенен жүрекке қатыссыз:
Жалпы жұртымды-жарты құдай деп
түсінем!
Себебі, дейсің бе, себебін сұрасаң
Ол былай:
Қандай бір күштен миымыз қалған
сорғымай.
Жер ҚҰПИЯСЫН саған қақ бөліп
Ашып берер ем,
Қолымды қаққан инеліктердің
қорлығы-ай.
20.11.1995
Кейіпін көремін елден
Арыған аңның
Неліктен бұлай некесіз туып
Жарымағанмын.
Марғасқаларын масаққа алмасып
Қасапқа қиған,
Жар мен сең соққан
Қан мен тер соққан,
Тінімін шаруалардың.
Өлгесін естіп əке тағылымын
зарын ананың,
Біреудің қолын біреудің адал
қанына малдым.
Оңала бастаған орданың
Отына түкіріп,
Ойпаңдау жерде ойылған
ошақтай адыра қалдым.
Аласы басым көзімнің
Ақ қарасынан
Халықтың миын жеп (қағынып…)
таққа бас ұрам.
Тозаққа күйгеннен бетер
азапқа түсетін Менмін…
Бір сүйем қалса өзінің
бақталасынан.
Қылшығы сынық, іші лаң
қыршыны надан
Қыраны емес басқаға
қырсығы ұнаған.
Өзімнен адасқан өлексе маған
Не дейсің, Құрмаш.
Өңімде жаман түс көріп жүрмін…
Тұршы, Ғұламам.
…Жүз грамм арақ соңынан
Бір шылым алам,
Ойымды бөлді ойыншық еткен
Тіршілік-алаң.
Жең ұшын бер деп жетім
Еліңе жалынып тұрып,
Сен үшін жұтам,
Сен үшін тұтам,
Сен үшін бір сəт күрсініп алам.
Ұлтым, қызарған өкпесің
күлкілі Мисың.
Саған өкпелегеннің өті іріп,
Құлқыны күйсін.
Өтірік айтамын,
«Жек көру деген жақсы көрудің
тегі»,
Бойына сіңірген елсің арғымақ
жылқының исін.
17.11.1995
Қара жердің үстінде қара ноқта Жан
Байғұс,
Қазан Мейрім жұтса да, қанағат қып
қанбайды Іш.
Арлан кетті алысқа
Үздік-үздік бұлттарды жалғайды екен
қандай күш?
Ай шуағы домалап, шөп басына
Шырмалап,
Бір қалыпты жояды, бояуы мол бір
Қалып.
Шегір Үкі шерменде Күйден безіп,
ырғалып.
Шегірткенің шырылы
Шетсіз тұстан тұрды ағып?
Тас атып ем Айдынға: қасын керіп, күлді
Көл.
МƏРТТІК ПЕНЕН КЕҢДІКТІҢ,
Кереметтей бірлігі Ол.
Мыс қызыл түн жиегін МЫСЫҚ
ТЫРНАП ақыры,
Масаты бел кекілін,
Сипалап тұр Кірлі қол.
Жас кетпейтін хас Жанар жабығыңқы,
долы Шық.
Өзін құртып, өзгені таза ұстайды Ел
болысып,
Сезім Құртын өңгеріп тəккаппар сəт
келеді.
Ай секілді орталап,
Ай секілді толысып!
20.01.1995
Түн деген…
соқыр алыптың қасынан
тұрып аппақ Таң
кірпігін қақты.
Іргеден ыңыранып құр,
Мақта-ақпан,
Жыр құлындатты…
Таң деген тірлік
Шырағы.
Құлын Жанарда жер
кішірейді,
Көлеңке көрге құлады.
Көрбілте шақтың
белгісі дейді, Үн.
Аспанда Өлеңдер,
Бебеулер домбыра Мұңдар…
Сүйейді Белгісүрейді
белгісіз ағымдар
О, құдірет сорлағаным ба?
Оң құлағымда Жел кісіндейді?
19.01.1995
* * *
Аппақ қорған,
Қырғын жер Мұңғыл Анар
Арылмайтын Хандықта
бір күнə бар.
Теріс сиген тебеген
қалпымен жүр,
Керіш күйген аумақта
Сұңғылалар.
Сорға асыққан түйедей
Жаны ашылып,
Соқыр Ілім жалғайды
данасымақ…
Үзеңгімен тілдескен
шилер сыңсып,
Күн өледі, ал сосын
Қара Шырақ.
Қара шырақ
Жабылған қара Кірпік
тартады сананы іркіп.
Жекен-жекен түз жолын
иіскеп қойып
Жетім өскен күліктер
барады үркіп.
Балбал тасқа оралып
Шылбыры əмен
Шідерлеулі, арғымақ
ырғымаған:
Төрт тағанын көсіліп
аспан жаққа,
Төс табанын көк бұлтқа
ұрғылады əм.
Көлеңкесін өзі жеп,
өзі жалмап,
Желігеді желкеде көзі бар
Дақ.
Сүңгісімен іскегін Тасқа
ұрады ол,
Қырғышы мен піспегін
өзіне арнап.
«Құдай оңдар соңынан төзіңіз»-деп,
Құр жебеуші себезгі
сөзін үзбек.
Қыш Моладан қарайды
Секем Тұяқ,
Өзгелерге сақтатқан
Өзін іздеп.
Жарты бақыт тұтпақ боп
Ең кемінде.
Жадағай Жел жортады
Еңбегімде.
Жас іркіп тұр көзіне
ақ жапырақ.
Жасыл Шықтың жұп-жұмыр
шеңгелінде.
Шеңгел үлкен, ел кіші
тулақ ескі
Көксеркенің көгінен
думан өшті.
Көл бетіне жыр жазып
Беріш — Ақын
Теріс аққан ылайлау суға ілесті.
17.02.1995
* * *
Кісінейді тау бұлағы.
Жырақ қыр,
Тəңір үнін шеккің келсе
құлақ түр.
Ұлы түннің мысы басқан
ұлылық
Сəмбі талдың мəуелері
жылап тұр.
Аппақ Жусан
самалға еріп желікті.
Ана Дала аялайды
елікті.
Жүрегі аман үр дүние
толғатып,
Бір əдемі Əн дүниеге
келіпті.
Қара түннің кейіпіндегі
«зімістан»
Сары атымның төбеліне
сіңісіті əм.
Құлындайтын қулық бие-
уақыт.
Либайдың сақалындай
күміс Таң.
Аунап түсті ірге жаққа
сұлық Түн.
желбірейді ақ кекілі
Шіліктің.
Түн дегенің тек
түн емес
атар Таң.
Ұлы Абайдың сезіміндей
тұнық-Мұң.
* * *
Алысқа алыс жүргізді заңи
қысқа адым.
Ойымда жойқын үш түрлі
құдай,
Үш қадым.
Реңім – тулақ, жүрегім тулап,
Сенделіп,
Иен Моланың есігін қағып
тұр едім,
Сен келіп,
Жұлдызды көкті нұсқадың…
Жұлдызды көкте жыр болса
бəрін тыстадым.
Тəрк етем елдің тəңірісі менен
ұшпаған.
Ескі сахара сүйей гөр мені,
мыс-бағым,
Бесті тарпаңның жалынан
мықтап ұстадым.
01.04.1995
Мұңаймадың бетіңді
жас тілмеді,
Мастандырды май сіңді
астың демі.
Сен шабар ең армансыз
алыстарға
Астыңдағы есегің бас білмеді.
Егілмедің азырақ
Шегінбедің,
Шегінбедің, əйтеуір,
не білгенің?
Басқаны осқан шылбырың
басыңды орап,
Таспа айылды жүн етті
тебегенің.
Күңіренді, күн өтті,
күй тыңдалды,
Өрге салып жүргенде
китің жанды.
Мен де кеттім, ел кетті,
Ал, қасыңда
Сені ешкімге сатпайтын
итің қалды.
Жыр жазасың
көк итің күнге үреді.
Бір жақсылық тілей ме,
Кім біледі?
Өскен түгің сəл ғана
Тікірейсе,
Жел пысқырып,
Тоқым — бұлт сіңбіреді.
Қай маңай бұл?
Ілбіген тайрағай жыр,
Жай жапырақ көңілді
қайрамай жүр.
Тегеш сынды аспанның
көбесінен
Көзі ештеңе көрмейтін Ай қарайды.
02.01.1995
* * *
Күздің жұтып салқынын
Еккен гүлім қайта оңды.
Ел ұйқыда,
Жалқымын
Ен даламда ай тоңды.
Ат кісінеп, мөп-мөлдір
Үркер үрікті төбемде.
Өлең жазам өктем бір
Көз жасымды төгем де.
Қашқақтайды жыр, тегі
Сағынады ол Сəуірін…
Құртқа-жұлдыз
Түртеді,
Көкжал түннің бауырын…
Бір қиялды бітіріп,
Бір қиялға тағы енем.
Құлын ойды
«құтырық»,
Шайнап кетті ақ өлең.
Жалқы құстың етінен
Бір мəзірің азырақ?
Паң Шыңғыстың
Шетінен
Таң атады қазір-ақ.
Жалған үміт жан үрлер
Бұрынғы сəт — қолтаңба.
Жалбарынып тəңірге
Мұң шағамын сол Таңға.
* * *
Қайыршы отыр сілеп таңмен
Құдайды,
Күйттейтіні асқазаны
ұдайғы.
Жас домалап көзінен
Менен тартып алған несібесін
өзінен:
Өмешегі құрып тұрып сұрайды.
Еге құдай,
Неге бұлай, неге?-деп,
Тыпырлайды жұмырықтай
денеде ет.
«…Есіл керім, бір-екі сом бере кет…»
(əл сақтаған əлеметтің
сөзі ерек…)
Саусақтары дірілдейді,
керемет.
Бас терісіз
самайының сүйегі,
Төбесінен төнген күнге
Күйеді.
Берсең мейлі, бермесең…
Кемсеңдейді иегі.
Бір үгім нан тастасаң да
тіліне
Жұлығыңнан сүйеді.
Сүйеді де алақанын
Жазады,
Сөзі тірі Абыз сынды азалы;
…Ай күймесін,
Күн тимесін,
Аман болғай, Қазағым!
Əумин!-дейді…
Мас əлемнің кіп-кішкентай
мазағы.
Қызыл іңір,
Ызың-ығыр қаралы
(Бүгінгі кеш қаралы!)
«… Сараңынан басқалары жарады …»
де-е-п қайран,
Қайран «халалың»
Қара түнге сіңіп кетіп барады.
Қайтты мүскін есіне алып
Құдайды,
Күйттейтіні күрең жаны
былайғы.
Жас боталап көзінен
Менен тартып алған несібесін
өзінен
Ертең қайта сұрайды?
Кімді көрдім өз басына
шот ұрған,
Кешір мені,
Кешір мені, оқырман…
Өзі бөтен бір адамды
Айтты деме «кіді» деп,
Көзім екен мені алдаған,
Құдірет,
Өзім екем қайыр сұрап
отырған!!!
08.01.1995
СҰРАҒАН РАХМЕТ