ТИТІМДЕЙ КӨҢІЛ

Қайғысыз адам қайда бар,
Қайырымсыз хайуан сол шығар.
Қайғысыз емес айналаң,
Араласпай ма ол мұндар?
Түспейді қайғы аспаннан,
Түсің де емес ол сенің.
Жанарды көрсем жас тамған.
Сол деймін жанның өлшемін.
Сол деймін дағы, солықтап
Сонымен бірге жылаймын.
Аламын жігін анықтап
Адамдар менен «құдайдың».
 
Ашыса жаның адамға,
Адам боп жылай алсаң ғой.
Қашанда, қайсы заманда
Адамдық бақыт сол, сол ғой.
Сол, сол ғой, сол ғой бір қарау,
Көз жасын нарау бір сығып.
Жаны ашығанын бұлдамау –
Титімдей көңіл тіршілік.
* * *
Түйсігім менен түсінігімнің арасы,
(Мәңгілік жұмбақ әлемім сол-ау, шамасы).
Түйсігім менің тұспалымменен бал ашып,
Түсінбес соны түсінігіме, қарашы,
Түсінігім-ай, түсінігім-ай тәуелді,
Әдемі еді ғой алған бағытың әуелгі.
Сау басыңа сақина тілеп аласың,
Сарсаңға салып айналаңдағы сау елді.
Түйсігім айтқан құп-құйттай ғана түйінді
Тыңдамайсың-ау ақыл ғып басқа құюды.
Жақсы көресің ақылман болып көзге ұрып,
Жақсырақ жүріп, жақсырақ күліп, сүюді.
Өзіңдей мынау құп-құйттай ғана түйсігім,
Ол да біледі барлығын дүние исінің.
Ол да біледі дүниенің түзу жолдарын,
Қиюлары мен қиырлары мен қисығын.
еңістік әлем – дүниені көзсіз қармалап,
Жетелеп сені, келеді сені қорғалап.
Он рет сенің маңдайың тасқа тигенмен,
Сан рет сені сақтап та қалған сол ғана.
Сен бірақ оған көтересің кеп кеудеңді,
Сен көкірексің, ол неге сонда көргенді?
…Бір шыбықпен айдай-ақ алмай өтем бе
Өзекті жарып өзімнен туған сендерді?!
 
1988 ж., 22 қараша

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *