Заман талабы –
Сана бұйығы.
Зар қақсайды һəм жаралы иығым.
Талан таражы қара киімім.
Қараң қаламын алдымнан жасқап
Адам-даланың ала құйыны.
Ақпан арғымақ уақытқа налып
Басқаға қалдырған бақытқа жалынып.
Бақ таралғыда аяғым маталып,
Жанардан аққан жасқа қақалып,
Ақ-қараңғыға батып барамын.
Сортаңға сіңіп жылымшы қаным
Жемсауда құрып құлын сұбабым.
Ең соңғы əнім
Кеңірдек түбінде ке
ртолғау болып,
Кемтар көңілден бір үн шығады.
Сол үнмен алам даланы жаулап,
Көз ілмейді аумақ, сананы ылаулап.
(Боз інген айдай барамын аунап)
Бұта бүргеннің бұтары нұрлы
Түндер жиегі жанады лаулап.
Іңірде кімдер шырақ шағарды,
Тілінген тіндер құрақсыз қалды.
О, жұмыр жер-бесік –
Тастадым саған тұрақсыз арды.
Теңсіздікпен терісті
Тезге салып бұқара əм!
Телім-телім жер үсті
Жетім бауыр жұқарар.
Түрме-жалған түгі жоқ,
Күйде шалған
«Жын шалған».
Көзін сүзген ажалды
Кейін қуды келешек.
Төзімсізден
Сазарған,
Төмен қарай жел есед…
Сезімсізге серік боп
Жарытпасақ жаһанды
Қалыптағы қаңғыбас
Көп «несептер…»
Неге сеп?!
Ақтан берген бақытты
Ауыз жалғыз талмайтын.
Алғашқы əні уақыттың
Аш өзекті жалғайтын.
Түкірігі түрлі əуен,
Қақырығы қара өлең.
Халық қайда сарнайтын?
Қалт есіңнен қалмайтын.
Дөңгелеген əлемде
Шөлдегенге шөлмек ем.
Шөкім алтын қадірін
Көрмегендер шөңге дер!
Ұлы менен уақтың басын білсең
«Қол көтер…»
Жылыменен жарықтан
Қашып жүру жөн бе екен?..
Басқа шалма,
Шапқа айыл төніп келсе,
«Шұлғып қал…»
Қашқан арға бірақ та.
Сезімің кең, құрлық тар,
Құрлық тар!
Ғұмырыңда тұрақты мəн болмаса
«Құм жұтпа!
Мəкүріктей жиналған»
Жұмырыңда шындық бар.
Жұқа жүйке жүгі де
Жұмыр жерден ауыр тым.
Жұмсақ жұмақ түбінен
-Аһа!- дейді жауыр түн!
Бақа жейтін ел-елес
Есек мінген ай жайлар…
Екі дүниеге ерегес
Кесекті үрлеп дауыл тұр.
Бауыр жыртар тағдырдың
Тауын құртар зағип мың.
Адамға тəн алғырлық
Қанында екен сақ-иттің.
О, заңдылық, заңдылық,
Сенің дара жолыңда
Қара шыбын қаптаған
Қаңқасына тарихтың…
25.04.1993
О, пəтшағар
Не деп көйіттің?
Нені меңзеп отырсың?
Соқа жанды сортаңға
Орап,
Сор қайнатқан бопырсың!
Морға піскен
Моданадай өлі жүзің
Тамырда қан ірітіп,
Қабырғама сүйкенетін қотырсың.
Сан əлемет илеп жүрген,
Билеп жүрген,
Салынды-ау,
Сүймен тілмен.
Сүйреп жүрер жаның-дау
О, саспақ ит!
Əркім сиген сарынды-ау,
Жалғыз ғана қасиетің
Жақсылыққа бағынбау
Сенің бетің сал –
Атанның табанынан қалыңдау…
23.12.1993
Қара құмда…
Қара суда…
Қара көлде…
Күйлі, аман…
Өңді кемпірқосақты да,
Өз қолыммен жинағам…
Біздің жүрек жарлығымен
Ойдың, мұңның барлығын,
Күздің күрең айларына
Сыйлаған…
Ала таңның самаласын
Саумал дейді маған кім?
Көкжал Бөрі үн қосады
Уіліне сабаның.
Қан қысымға ем болғызып,
Осы аламан даламның
Есін аман…
Денін аман сақтағансың
Замана!
Беу, Тағала! –
Менің жаным тек осыған
Садаға!
Бірақ жалғыз айтарым бар
Датым бар:
— Сенің маған қарағаның
Қарғысындай бабамның…
Көктем алыс көктемеген бау іші
Шөпке неге шық тұрады
«Қауышып».
Ұқшы, жаным!
Күмбірлеп бір оқышы
Пəктік əнін,
Құранын.
Аспан үшін, тастар үшін, тау үшін,
Санаңдағы түнді үрлеп тұр
Сал байғыздың дауысы…
* * *
Қызыл қыздың реңіндей
Азандағы қуақы.
Күз шөбінен жатырқайды
Амалы жоқ Уақыт.
Жапа шеккен жан Ибасы
Жай сыңай,
Апа-жеңгей айқайлайды:
— Ауладағы азап шеккен қайсың, əй?…
Балағымда бірдеңе жүр,
Бағзы құтым болар ол.
Тамағымда үрлеме жыр…
Келген шығар хал сұрай.
…Пəк даланың қақ пердесін айпарып,
Ақ адырдан біреу келеді
Ақзу қиған қайшыдай.
Тұл інгеннің жанарынан
Домалайды жұлдыз жас.
Түн іргесі түнек екен
Ертең, мүмкін,
Күн қызбас!
Ертегі — əлем нақ елесін жасау
Біздің еркіміз
(Тек сол үшін көрпені сəл желпіңіз.)
— Төңкергені қыпшақ текті қырғыз бас
Көкке қарап шөп жұлады бір қыз мас.
Жомарт ауыл тұнжырайды,
Дəнеңе емес «жоқ» деген.
Жоғарғы үйде бір адам бар
Жылан-бауыр,
Шоқ дене…
Кісі киік кеше жазған өлеңім ғой ойласам,
Күшік иттің қыңсылауы
О, ғаламат,
Бетховен!
* * *
Ай аунаса, ай аунаса артынан ұл туады,
Ала бұлттар жөңкіліп кеп, оны нұрмен жуады.
Бұрынғы ойлар жетім бұғы
Көзіңдей еді пірадар.
Менде соған қарайтын ем қуанып.
Қазір мұның бірі өшкін, бірі анық
(Əзірейіл билейді алда бұралып…)
Уа, дара Аспан
Дуалы,
Сенен жауған нəр түйіршік
Рухым боп туады.
Ақ шоқының аясында
Алысты аңсап… жыладым!
— Адам деген жалғыз парақ ақ қағаз ғой, шырағым!
Жаман менен жақсы
Жортқан сілемдер,
Алыс… алыс… соңы сусын «қу адыр».
«…Құрлық – ардың бір сынығы» деуші еді
Тірлік деген қандай əсем – Жұмағым!
Таң атады, тамаша арша иісіндей
Күрсінемін,
Күпті ойыма түнде естіген
Күй сіңбей…
Ат ізіне тығылады аппақ
Көжек «исінбей».
СҰРАҒАН РАХМЕТ