ОҢАША ҚАЛСАМ

Өзекті жарған өзімнің құйттай мұңыммен
Тағы да, міне, оңаша қалдым бүгін мен.
Құп-құйттай мұңым қалайша жүдеп үгілген,
Сонау бір жылғы аумайды жүдеу інімнен.
Аумайды сол қалқан да құлақ інімнен,
Панасын көріп соңымнан қалмай жүгірген.
Қалқан құлағым сыбырлаушы еді құлаққа,
Сыбырлайды бұл жүрегімдегі дірілмен.
Сыбырлайды бұл жүрегімдегі дірілмен,
Сыбыры сонда санамды бойлап жүгірген.
Оятқанында аяулы асыл сезімді,
Аяулы дүние аумайды сол бір інімнен.
Аяулы дүние аумайды сол бір інімнен,
Бейкүнә, бейбіт аңқаулық аңқып түрінен…
Өзекті жарған өзімнің құйттай мұңыммен
Оңаша қалсам, өзімнен өзім үгілем.
* * *
(романс)
Ақылымнан адастырып көр, кәне,
Құлың етші, құсың етші тордағы,
Жоқ-жоқ, енді билетпеймін еркімді,
Қажет емес махаббаттың ойнағы!
Таңғы тұман. Таңғы тыншу. Солғын нұр
Терезеден ене алмай тұр төрге бір.
 
Аршын төсті ашып тастап төсекте
Тәтті ұйқыда сен жатырсың, бар болғыр!
Анау иық, анау ерін, төс анау,
Қарамаймын.
(Қол бұлғайды қос анар).
Анау саусақ, аяқ-қол да – бәр-бәрі
Бар өзімде, таңсық па екен, жә, солар!
Деп қалсам да кете алмадым қасыңнан,
Ток ұрғандай ой сап етті тосыннан.
Жанарыңда жәудіреп бір көл жатыр
Тәтті ұйқыдан жаңа ғана ашылған.
Деп қалсам да, тәйірі, әйел деген зат
Сәуле сынды өте шығар көз арбап.
Деп қалсам да, бас иеміз бекерге,
Өлең арнап, имандай сыр – сөз арнап.
Деген бір ой, жә, енді оған жолама,
Санамда тұр (жеңбей бірақ бола ма?)
…Құрсағыңа қолым тиіп кеткенде,
Кешір, кешір, келдім сонда тобама!
Сен – екеусің, екеусің сен, екеусің,
Кешір мені, сүйгенім сен екенсің.
Әйел-заттың махаббатын тек қана
Адамзаттың бақытымен өтерсің.
 
(С. Балғабаевқа)
Сұлтанәлі, сенікі ненің шөлі,
(Әлденеге сусатты-ау өмір сені).
Сен әйтпесе әуелден ашқылтымға
Жоқ жігіттің бірі едің көңілшегі.
Шөлдегеннің оншалық жоқ зияны,
Шөлің қанса жаның бір жаңғырады.
Шөлдегеннің ең ғажап рахаты сол –
Шөлің қанса, о, шіркін, бар қиялы.
«Шөлім қанса, о, шіркін, шөлім қанса»,
Қанар шөлің дәм болса, өмір болса.
Махаббаттың шөлі ғой басылмайтын,
Досқа ренжіп шөлдейсің…көңілің қалса.
Алда үміт алаңдап, алағзисың,
Артта өкініш айылын қалай жисын?
Үміт пенен өкініш екеуі де – у,
Іше-іше өлем деп қобалжисың.
Шөлдің осы сойқаны, сойы емес пе,
Қабырғаны қаузайтын ой емес пе?!
«Ой түбіне жетпейсің» дейді қазақ,
Ойыңменен ойнама, қой, егеспе.
Ойың ояу болған соң, сезім сергек,
Өз ойыңа өтесің өзің шөлдеп.
Өз ойыңа өте алсаң – толдың өзің,
Арылмасын шөлінен көн кенезең.
 
Сені ме сені, сені ме сені,
Сенбеймін саған, сұм жалған.
Бір күні мені жалғыз тамшыдай
Жылт еткізесің жылғаңнан.
Сені ме сені, сені ме сені,
Сенбеймін саған, сұм жалған.
Білемін, білем, бір күні мені таралған шөптей
Тастай саласың тырмаңнан.
Сені ме сені, сұм деп-ақ тұрып,
Сенбесем-дағы сыйласам,
Ұлтаныңа ұйысқан сенің
Біз деген – бұйра-бұйра шаң.
Есімнен танып қиналған кезде
Көзімнің алдын жарқ еткіз,
О, жалған дейін, о, жалған дейін,
Жамантыңа қимасаң.
 
1988 ж., 21 қараша

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *