Талай да талай күн өтті,
Қарай да қарай жан-жаққа.
Ағарып атқан таң да аппақ,
Артымда қалған шаң да аппақ.
Ақ иық жерге салмақ сап,
Алдымда тұрған тау да аппақ.
Ақтара салған шарбы май,
Ақ бұлттар менен аулақтап,
Алқымы кеппей қалқиды
Алқынып жетер тауға ықтап,
Алғашқы қарлар жаулық сап,
Ағарып қапты бар қыстақ.
Ашулы бұлақ ол да ақты
Ақ көбік – бұйра жалға ұқсап.
Ақ айлар туды қылыштай
Алшыдан жатып қалғанда.
Жұлдыздар шұғыла шашқанда,
Ақ сәуле ұйып аспанда,
Ақ жалқын сәуле тарайды
Қап-қара қайсар тастан да.
Күңгіртті сырып тастауға
Ақ жарықтарға мастанба.
Жазбай-ақ жыр да, дастан да,
Ағармас бірақ шаш бар ма?
Талай да талай күн өтті
Қарай да қарай жан-жаққа.
Арман мен ойды елеп боп,
Жолдарға шықтық дедектеп.
Сорларға мүкті су құйдық
Суалмау үшін шелектеп.
Аппақ дүние көз қарып.
Адасып кетпеу керек деп.
* * *
Сұңғыла шалдар бар еді,
Сүмбіле шашы қара еді.
Суырылып шығып сөйлесе,
Көтерген сөздің әруағын.
Аманкелдінің сарбазы,
Әліби батыр сардары.
Таңдайдың майын тамызған,
Термені судай ағызған,
Домбыраларын күйлеген
Шежірелері алуан-ды.
Жыраулар еді шетінен
Намысын жыртқан шаршының.
Арқасы жерге тимеген
Және де көбі палуан-ды.
Өткенге айтып салауат,
Кеткеннен айтып аманат,
Тілейтін еді қанағат.
Аттамаушы еді ала жіп
Ағайындарды алалап.
Тұрып ап таңда сары ала
Шығатан еді далаға.
Қайырлы болсын айтатын
Қатардағы қай үйде
Туса да сәби-шарана.
Сұңғыла шалдар бар еді,
Шетінен бәрі нар еді.
Селдіреп кетті сетінеп,
Селдірегені жаман, ә?…
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ