…Баян бауырында кино түсіріп
Жатты бір жылы Шәкен Айманов.
Жүрді ол жүректен қиял ұшырып,
Кейде таңғалып, кейде ойланып.
Кейде қарайды ол тауға тәкаппар,
Кейде үңіліп ылди-қыратқа.
Кейде түңіліп ойы жік-жапар,
Кейде мінеді шабыт – пыраққа.
Кейде күмілжіп, кейде күбірлеп,
Кейде кейиді, кейде күледі.
Жүйке жұқарып, жүрек дірілдеп,
Шәкен Айманов шаршап жүр еді.
Бейнелі өнердің бейнет легі
Түбін қақтырмай, түйін таптырмай,
Шәкен Айманов жүрді шаршаулы.
Дүйім дебютті жаны жақтырмай,
Жалғыз қимылды іздеп жан салды
Жалғыз әрекет, жанды қимылдан.
Шындық сәулесін іздеп суреткер,
Мәңгі азаппен, мәңгі қиыннан
Маржан суырып, тізер, тірнектер.
Сондай сәттерде Шәкен Айманов
Қарап қалатын найза шыңдарға.
«Намыс – найзағай отпен қайралып,
Тас та қол созып күнге тұрғанда…»
Деп ол ішінен демде сілкінген,
«Өнер халықтың намыс оты ғой!»
Шырқау шыңына шығып іркілген,
Шіркін, Шәкендер шың ғой, шоқы ғой.
Өтті соғыс.
Зіл-заласы қалды артта,
Бас иеміз мәңгі алауға, мәңгі отқа.
Бас иеміз монументке, белгіге,
Сиреп қалған маршалдарға, солдатқа.
Бас иеміз, жесір ана, жетім ұл –
Бір шаңырақтың маздап жанған оты бұл.
Бас иеміз,
Бас иесің,
Бас иіп,
Көкірегіңе құйттай сырды тоқы бір.
Бас иеміз,
Бас иеміз бәріне,
Соғыс кәрін көрген жасқа кәріге.
Туған жерін,
Ұлы Отанын сүйгендер
Ұлы Отан соғысымен әлі де
Рухтанар,
Арқаланар,
Кектенер!
Егер балаң солай етсе «тек» деме!
Соғыстардың заңдылығын үйреткен
Өкпелесең, тек тарихқа өкпеле!
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ