Ол бір ессіз-түссіз күндер,
Ерке күндер болатын.
Ерке-тотай қыз шіркіндер
Көздің жауын алатын.
Дүние дертіп, біздер елтіп,
Мас қылатын буымен.
Бірде шайқап, бірде желпіп
Тұрды жастық туымен.
Ләззат, рақат, бал махаббат,
Таудай талап анталап.
Көк сағымдай қудым қызық
Көп үмітті арқалап.
Қуып жеттім,
Қапы кеттім,
Жете алмадым, «қап» дедім.
Көрші санап,
Қайсысы көп
«О, пәлі!» мен «әттеңнің»?
Көбін-азын тарт, таразым,
Тарт, таразы – жүрегім!
Қылмай жазым, бір лажын
Табарымды білемін.
Ол бір ессіз-түссіз күндер
Енді маған қайда бар?!
Қайда ерке қыз шіркіндер
Періштеге айналар?!
Періште жоқ, пейіш те жоқ,
Жас дәурен бар жалғыз-ақ.
Ғажап елес, ғайып сурет
Қалды-ау, қалды-ау, қалды ұзап.
* * *
Қалқан құлақ баяғы қара бала,
Талайларға бастапты аға бола.
Айтқан сөзі, ақылы, әрекеті
Сәйкеседі сәтімен заманаға.
Қара бастың қамы емес ойлағаны,
Бес ешкі емес ысқырып айдағаны.
Бар болмысын бабымен әдіптепті
Әрекет пен астарлы ой заманы.
Емеурінді ұғып тұр ебіңнен-ақ,
Демегіңді біліп тұр деміңнен-ақ.
Азамат-ақ болғалы тұр екен-ай,
Арманына түрі бар берілген-ақ.
Қимылында бір артық әрекет жоқ,
Пиғылында пәле жоқ, пәлекет жоқ.
Келе жатқан құрақтай жаңа көктеп,
Судырлайды құрақтай және де ептеп…
Талант емес, дана емес туған асып,
Заманына бірақ та тұр жарасып.
Тап осындай көп қазір інішектер
Бір-бірінен аумайды тұлғаласып.
Өсер перзент уақытқа, заманға сай,
Заман заңын алмайды жалаң жасай.
Заман жасау адамның қолында ғой,
Заман қамын ойлайық, замандас-ай!
* * *
Кейде түн ішінде, кейде таң алдында
Күбірлеймін ақталып ар алдында.
Заманыма көп екен бермегенім,
Бермегені бар маған заманның да.
Есе ала алмаппын мен заманнан,
Өзім екем кенде де, кенже қалған.
Көкке ұша алмай, бауырлап жерде қалған.
Мен өзімді осылай кінәлаймын,
Кінәлі өзім…Өксимін. Жыламаймын.
Еңбегіммен бәрін де өтеп алам,
Заманымнан жалынып сұрамаймын.
Ал бірақ та, бірақ та заман-ана
Қамқор болмай, ұл ұлы бола ала ма?!
Ана бірақ ұлдарын алаламас,
Бала бірақ бірдей боп жарала ма?..
Кіжін, күйін, кінәлан, қайта қуна,
Заманыңа аз болмас айтарың да.
Анаң сені тыңдайды адал айтсаң,
Ал ақ сүтін тиіссің қайтаруға!
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ