Алматының вокзалы ығы-жығы
Вокзалдардың сәні ғой шуыл үні.
Вокзалдардың сәні ғой мың-сан киім,
Мың-сан бояу құлпырып құбылуы.
Біз вокзалда жүр едік. Жүрегіміз
Қуанышқа күпті еді, нұрлы өңіміз.
Алыс кетіп барады бір ағамыз,
Айрылғымыз келмейді бір елі біз.
Вокзал деген – жолбасы. Жол басында
Ырым болып жатады болмашың да.
Шампанымыз бар еді, Мұқаш аға:
– Әкел, – деді, – ішеміз, болды осында!
– Әбес емес, ағасы, жол жүрерде
Жол шетінде ішті деп ел күлер ме?
Жер бетінде сапар көп, жолаушысын
Жазсын лайым кәусардай мөлдіреуге..
Ақынбыз ғой…Халықтың нөпір жерін,
Көрген жақсы күлгенін, өкінгенін.
Адамдардың қуаныш, мұңы арқылы
Кеудемдегі жанады отым менің.
Ал, кәнеки, ағасы, осы вокзал,
Толы адамды соларға қосу абзал, –
Деп қалғанда, тығыны аспанға атып,
Көгершіндей дүр етті көрші қыздар.
Тарту күштің қарамай әй-шайына,
Тартатындай аспанның айдауына.
Шампан сіңген тығының тулап келіп,
Біреуінің сарт етті маңдайына.
– Қап,– деп қалды ол, – ағасы-ай, көздегендей…
Жалт қарадық. Ересек өзгелерден
Отыздағы ойнақы от келіншек
Сыңайы жоқ қашатын сөз дегеннен.
– Біз сияқты даланың қазағы да,
Ақындардың түскені-ау назарына.
«Шарфыңды бер дерсіз бір, шарфыңды бер»
Тағы да бір келсеңіз Қазалыға.
«Шарфыңды бер, қарындас, шарфыңды бер,
Сырдың желі мойнымды қарпып жүрер…»
Өз өлеңін қайталап қалған-ды ақын,
(Ақиқат пен әзілдің нарқын білер).
– Қазағымнан айналдым, Қазалымнан,
Мә, қарындас, шампанды тартып жібер!
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ