Бәріміз де Адамбыз жүрегі бар,
Кермек дәмін тірліктің білер, ұғар.
Бірі бірақ шын күліп, шын жылайды,
Жүре күліп, біреуі жүре жылар.
Барлық жүрек соғады бірдей бірақ,
Бірақ, бірақ бермейді бірдей қуат.
Бірдей ысып, суынар барлық жүрек,
Барлық жүрек тұтпайды бірдей мұрат.
Түсі бірдей, түрі де, көлемі де,
Ісі бірдей игерер денені де.
Біреулерге езіліп ет жүрегің,
Жібімейді біреуге, себебі не?..
Алпыс алты тамырдың бәрін бірдей
Әдіптеген тіршілік «тәңіріндей».
Тілсіз жүрек, бірақ та сол жүректің
Бәрімізге әмір жоқ әміріндей.
Ақыл ісін жүрекке артамыз да,
Жүрек жара қуанып, қорқамыз да,
Жұдырықтай жүректі додаға сап
Өтеміз Өмір деген ортамызда.
* * *
…Қара бұлтты үйіріп, селмен ұрып,
Дауылымен түйіліп желмен ұрып,
Тағдыр мені тезіне салып алып,
Жібергісі келді бір «пенде» ғылып.
Бұлт артында білдім мен шуақ барын,
Дауыл ғой деп дәмемді құлатпадым.
Сырғақтамай, сырғымай қарсы алғанмын
Тағдырымның сыбаға, сынақтарын.
Қарсы алмасқа жоқ ешбір айла-шарғым,
Тағдырымнан қашанда қайда асармын?
Тағдыр, саған мың да бір рақмет,
Өкіндірдің, өксіттің, ойға салдың.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ