ЕРТЕК

Ерте, ерте…
Ерте, ерте, ертеде
Жер бетінде болыпты бір жертөле.
Жертөледе тұрыпты бір жас жігіт
Тері киіп, құрақ төсеп көрпеге.
Мерген екен – көз мерген де, қол мерген,
Талай аңды алды-артына өңгерген.
Асқандығын теңестірер пенде жоқ,
Шапшаңдығын салыстырған желдермен.
 
Ауа таза, аспан ашық, кең әлем,
Бар табиғат соған шипа, соған ем.
Атса құлап, қуса жеткен керемет,
Жұмысы жоқ жүйке жейтін санамен.
Сол, сол мерген, тап сол мерген бір күні
Көріпті бір қырдан қызыл түлкіні.
Қыл садақтың зымырапты жебесі,
Түлкі бірақ құламапты…күлкілі.
Қызыл түлкі қайқаң етіп құламай,
Құйрық бұлғап мерген алдын бір орай
Орғып, орғып жөнеліпті, шыдамай
Жігіт көзін ашыпты алғаш шырадай.
Жігіт көзін ашыпты алғаш шырадай,
Ойлапты алғаш: «Кетті қалай құламай?»
Қызыл түлкі қылығы мен қулығы
Санасына қадалыпты сынадай.
«Дүние – түлкі» дейді қазақ, ойдан бұл
Айта салған емес шығар байлам құр.
Ер жігітті есіркеп ап, дүние-ау,
Есінен бір танатындай ойландыр.
* * *
Ертелі-кеш ертеңімді ойлаймын
Қандай рахат, кездесер деп қандай мұң.
Қандай рахат, бол
са дағы қандай мұң,
Қарсы алудан қаймықпаймын, танбаймын.
 
Қарсы аламын.
Тағдыр ма, әлде талан ба,
Рахат пен мұң екі бет қой медальға.
Рахат пен мұң жат болмаса екен тек
Адамзаттың қоғамында адамға.
Сонда, сонда
Мұңның рахат кезі бар,
Рахаттың да артар салмақ, тезі бар.
Рахатыңның сыйла бәрін ертеңге,
Қайғы-мұңның бәрін-бәрін өзің ал.

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *