АЛМАСУ

Қайғырма, қалқам, беліңді енді бу бекем,
Қазаға қабір қара жер деген қу мекен.
Суытпай қоймас…Қырық күн қара жамылдың,
Сыңсыды дауыс: «Сорлы боп неге туды екем».
Құйқа тамырды шымыр да шымыр қасыған
Қайғыдан туған, қасіреттен туған асық ән.
Жоқтаған кезде, жоғалтқан кезде туған ба
Адамның бақыт айналып кетіп басынан?
Сыңсыды дауыс. Сыңсытты созып сорлы әйел,
Үздігіп үні үзіліп барып қалды-ай ол.
Қыршындай жігіт қиылып түссе көгінен,
Қайыспай қалай шыдасын мынау қайран ел?..
 
Уыздай әйел уысында жүрген алтыннан
Айрылып қалып, маңдайын соғып шарқ ұрған.
Мереке, бақыт мезгілсіз шақта мерт болды,
Арыстан – арман айына қарай талпынған.
Қайғылы қаза осы деп пе едің ел көрген,
Бұдан да бұрын мерт болған арман жерленген.
Талайлар қалған қанағат тілеп тіріге,
Талайлар қалған салауат сұрап өлгеннен.
Япырмай, бірақ санам да менің шырмалған,
Талдырмаш әйел талықсып, талып сұрланған,
Өлер-ақ деп ем, тірі екен, тірі…
Кейін мен
Жайлаудан көрдім, шығырдан және қырманнан.
Сиыр фермаға сүт алып келіп арбамен,
Ілесіп соған ілігімізге барған ем.
Жолшыбай соған жолаушы біреу кезігіп,
Қаралы жанды қажағаны үшін қарғап ем…
Қарғаппын бекер, қарғысым менің өтпеді,
Күйеуге шықты ол…Елес боп қалды өткені.
Сендер де қайта алмасады екенсіңдер ғой,
О, адамзаттың ызғарлы қысы, көктемі!
 
Алыс-алыс, алыс қалды…
Туған ауыл қалды алыс…
Сағыныш та сейілгендей балалықтай алданыш.
Сары жотада біз иіскеген селдірепті боз жусан,
Сары қопада сыбызғыдай сидиыпты сары қамыс.
Саумал көлдер сабасынан ортайыпты, ашыпты,
Сағым белдер ажарынан әр тайыпты, жасыпты.
Сары даланы көктеп-шандып асфальт жолдар басыпты,
Көк «Волгалар», сұр «Волгалар» қаусырыпты қашықты.
Жә, несі бар, көл орнында көлбеп жатыр көк егін,
Бел орнында – Байқоңыр.
Ел алдында көтеріп тұр қазағымның беделін.
Өзі көктеп, өзі өрнектеп құлпыртатын бұл дала
Көріп жатыр, көрсін енді шебер қолдар «өнерін».
Сонда қалай?
Туған ауыл алыс дейміз неге біз?
Алыстаған ауыл емес, ауырлаған денеміз.
Қазір, сірә, ауыл үшін ауырмайды баяғыдай жанымыз,
Ал, әйтпесе, сол орнында туған құйттай төбеміз.
Алыс-алыс, алыстаса туған ауыл санаңда,
Туған жерді түрленттің деп кейимісің заманға.
Жер өзгерер, ел өзгерер…Сен өзгерді екен деп,
Махаббатын өзгерте ме әлдилеген анаң да?
 
 
 

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *