АЙҒА АТЫЛМА!(ә з і л)

Көз сұғыңды қадама жас балаға,
Кездесерсің кездейсоқ масқараға.
Өз теңіңнен іздесей махаббатты,
«Алла асыраған пендесі аш бола ма?..»
Көз сұғыңды қадама тәйірі алғырға,
Тәйірі алғырды бекерге ойландырма.
Өз теңіңнен іздесей махаббатты,
Маймыл болма ойнаған айна алдында.
Ажарың да жақсы ғой, айбатың да,
Қалжыңың да тәп-тәуір, қайратың да.
Адам биік секірмес өз бойынан,
Арыстаным, абайла, айға атылма!
* * *
Әлди, әлди, әй, бөпем,
Ақ бесігің жайлы екен.
Періште перзент шаранам,
Тамырыма исің тараған.
Таланым болып өс, бөпем,
Тәніме қуат қос, бөпем.
Заман мен тағдыр түйінін,
Адамдық армен шеш, бөпем.
Ашық қой, бөпем, қабағың,
Бес елі шығар таланың.
Көшелі кемел заманың
Әлдилесін, қарағым.
 
Заманға ботам сай болар,
Ғарышқа барар, Ай барар.
Жеті қат жерді зерделер,
Әлемді шарлап айналар.
Анасын бөпем ұмытпас,
Кіндіктің қанын суытпас.
Жер Анасындай бөпемнің
Жүрегін ешкім жылытпас.
Азамат болар ақ бөпем,
Адамзат үшін бақ па екен?
Ұмытпа, бөпем, бесігің
Тұғырға да тең, баққа тең.
Ақ сүтті, ботам, ақтарсың,
Келешек кием – сақтаушым!
Сүтіммен сіңген махаббат
Сүйегіңменен сақталсын.
Адамға бесік – жұмыр Жер,
Саған да бесік – жұмыр Жер.
Бесігің сынды, ақ ботам,
Тербетіп сені дірілдер.
Заманың бір күн келгенсін,
Өзің де бесік терберсің.
Махаббатым мен, ақ ботам,
Аналық әлди дем берсін.
 
 
 

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *