(Исатай атынан)
Әй, Махамбет, жолдасым,
Аш арыстан жолбарысым,
Ісімнің білдім оңбасын.
Оңбаған емей немене,
Өтірік сөзге алданып,
Бақытым ауып басымнан,
Әскерім кетіп қасымнан,
Жапанда жалғыз қалғасын.
Өкінгенмен пайда жоқ,
Құдайым басқа салғасын.
Мезгілді уақыт болғанда,
Опасыз мынау жалғанда,
Ажал қарсы келгенде,
Қараңғы көрге кіргенде,
Қасында тұрар жан бар ма?
Осының бәрін ойласаң,
Өткенге бекер өкініп,
Құр жылаудан сән бар ма?!
Жолдасын жауға алдырып,
Жанымды қимай қаңғырып,
Қашатын менде жөн бар ма?!
Қатын, бала, мал бағып,
Үйде отырсам да өлем деп,
Қорлықта жүрген халқыма,
Бостандық алып берем деп,
Қырық бір жасқа келгенде,
Ауыр әскер қол ертіп,
Жасқұсқа барып кіргенде,
Арыстандай ақырған
Айбатыма шыдамай,
Хан баласы жылады-ай,
«Жанымды қи» деп сұрады-ай.
Ақкөңіл, аңқау жүрекпен,
Беремін деп мен тұрдым.
Көк бедеуді бауырлап,
Шабамын деп сен тұрдың.
Исатай басшы білсін деп,
Ауыр әскер қол тұрды.
Қырық бір жасқа келгенде,
Өз дегенім болмаса,
Өзгенің тілін алмаған,
Кісі ақылы қонбаған,
Қанша айтсаң да болмадым,
Сөзіңе құлақ салмадым.
Бұрала біткен емендей
Қисық туған сорлы ағаң.
Хан сөзіне сенгенім,
Он күн срок бергенім.
Әскерімді таратып,
Он бір күнге қаратып,
Бекетай құмға келгенім.
Сүйткен бір қайран халқым-ай,
Қасыма бір келмедің.
Сол халқымды көрмей өлгенім –
Не салса да алланың
Тағдырына көнгенім.
Қош, аман бол, жолдасым,
Бұ дүниенің жүзінде,
Осы болар сені көргенім.
Қапыда өткен дүние-ай,
Ақырында еш болды-ау,
Ел үшін еткен еңбегім.
Атаңа нәлет хан ұлы-ай!
Тілегін сұрап алғансын,
Ойлағаны болғансын,
Патшаға хабар салдырып,
Патшадан солдат алдырып,
Құрсағымнан шалдырып,
Айтып, айтпай не пайда,
Егеулі найза өңгерген,
Азды көпке теңгерген,
Қабыланбай мен Қалдыбай,
Рысалы, Кебек жолдасым,
Жаудан өлді жолбарысым…
Сол ерлерден айрылып,
Исатай мен Махамбет,
Екі арыстан ер қалды-ау!
Адыра қалғыр қу Нарын
Талауға түсіп, бүлініп,
Адамы қойдай қырылып,
Құлағызып жер қалды-ай!
Қарағай, қайың, тал, терек,
Қалың орман, ну қалды-ау!
Қиқулап құстар қонатын
Суы тұнық көл қалды-ау!
Тәрбиелеп өсірген
Ата мен ана – бұл қалды-ау!
Қатын жесір, тұл қалды-ау,
Еңбектеп жиған мал қалды-ау,
Бұлардан жүда қимайтын,
Енді менің нем қалды-ау!?
Тек шықпаған жан қалды-ау!
Ойлап бір, ойлап қарасам,
Еңбек етіп ел үшін,
Арманда өтіп кетті деп,
Соңыма бір қалған халқыма,
Артымда бір атақ, даңқ қалды-ау!
Сәлем айтып кетейін,
Артымда қалған елдерге,
Арманымды айтып кетейін
Найза ұстаған ерлерге.
Арыстан туған Исатай
Дегеніне жете алмай,
Арманда өтіп кетті деп,
Олардың кегін алуға,
Кезек бізге жетті деп,
Қиналар ма екен біздерге?
Қиналсаңыз біздерге,
Мың рахмет сіздерге.
Қапыда өткен дүние-ай,
Халқымның көрген қорлығы,
Хандардың еткен зорлығы,
Ақ жүрегін тербетіп,
Ер көңілін желдетіп,
Ақсүйектің баласын
Қара ұлына теңгеріп,
Қоңыраулы найза өңгердім.
Жетімдерге – жем бердім,
Жесірлерге – жер бердім.
Ақырында дүние-ай,
Сол ерліктен не көрдім!?
Жолдасқа билік бермедім,
Кешегі хан үстіне барғанда,
Ақсүйектің баласы
Бақадай шулап тұрғанда
Ерлікпенен алданып,
Өзіме-өзім қас қылдым.
Сырлы зерен аяқпен
Бал ұрттаған ер едім.
Бір уақыттар болғанда,
Көктей өтіп Жайықты,
Бір қасық ішкен қара су
Жұмасына ас қылдым.
Осы жақта мен өліп,
Артымда тірі сен қалсаң,
Жаңа өспірім Жақияны,
Жолдасым, саған тапсырдым
Махамбет Өтемісұлы