ҚҰРАҚ ЖЫРЫ

Көл жиектеп желкілдейтін көк құрақ,
Жел иектеп селкілдейтін көк құрақ.,
Өсе-өсе қамыс болдың сен, міне,
Өсе-өсе жігіт болдым мен, міне.
Ей, жас құрақ, біздегі сәл айырма,
Адамға тән…Мен айтпай-ақ пайымда.
Біздің жыр да сендерге ұқсас, тек қана
Әр дауыспен айтылған бір қайырма.
* * *
Мен тал көрдім, солқ-солқ еткен құба тал,
Ми далады ыққан қойдай бір отар.
Қайдан ғана қаулап өсіп шықты екен,
Қақтаған күн қалай ғана шыдатар?
Сұңғақ екен сылап бойын керілген,
Жел қозғаса еңкеюге ерінген.
«Беу, бейшара-ай, бірдей ғой, – деп ойлаймын,
Маңдайыңа біткен бағың сорыңмен».
Сол ойымды және өзімнен жасырдым,
Сарайымды аша алмадым, ашындым.
Бірте-бірте селдіредің, заң солай –
Жапандағы жалғыз қалған жасыл мұң
Бозбала күн қабағынан қан тамған,
Бозбала күн бастан өтіп жалтарған.
Яки қурап, яки жаңқа боп кетпей,
Уақыт, сенің есен қалған балтаңнан,
Айналайын бір топ талдан түздегі
Бір арманның қалған түбір іздері.
Тап осылай қалса болды кейінге
Мың шумақтың бір шумақ жыр тізбегі.
* * *
Мен – жастық, мен – жиырма бес, менің күнім
Құрлықтар құдіреті боп көрін бүгін.
Құлпыртқан туған елді қызуымның
Уақыт, сен берерсің көрімдігін.
Сондықтан өз үніңмен, өз деміңмен
Төре бол, тура қарап көз – көңілмен.
Әр ұрпақ жастығының ара өлшемін
Уақыт, сарала өзің безбеніңмен.
Бейбіт күн, биік арман – қос мұратым,
Парасат күші арқылы паш қылатын.
Уақыт мойындаған әлдеқашан
Қоғамның коммунистік жас қуатын.
Мен – солмын. Қуаты жас, сана сергек,
Көкті орап, жер қопардым дара сермеп.
Дүниені сан таңданттым, сан таңғалттым,
Айтпадым «Мен сиқырдың баласы ем» деп.
Қиялдың шиырланған қиян көгі,
Ғасырым, көркің – жастық күй-әндері.
Бір айдын «Революция – Коммунизм» –
Планета жастығының құяр жері.
Сан алуан әр халықтың тіл мен түрі,
Бірақ та әділ ойдың бір төркіні.
Әне, әне, Африка жастығының
Бет алды сол айдынға мың толқыны.
Мен де ағыс, шөлін басып талай құмның
Ақтым да, алғы күнге қарай білдім.
Мен – жастық, мен – жиырма бес, коммунистік
Алғашқы толқынымын сол айдынның.
* * *
Менің бір тұтам өмірім
Тартсам созылар тарамыс болсашы,
Бірде бай, бірде жұтаң көңілім
Жүйткіп жазылар қаламұш болсашы.
Көп менің жүрген жолдарым
Кеңістік көп іздеп, кербез көл іздеп.
Мен – қарлығаш.
Қайда ұшпадым, қайда қонбадым
Бауырыма басқан балапан талмайтын жем іздеп?!

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *