Елу тоғызыншы жылы қырманға барғаным есімде,
Тайынша жетектеп тырбаңдағаным есімде.
Қайрағым да жоқ, орағым да жоқ қолымда,
Күн құлап кеткен бесінде
Құрдан-құр барғаным есімде.
Кешке жақын дала салқын,
Орып алған егістік қарабарқын.
Жанымда Хайдолла бар,
Хайдолла қара нар-тын.
Сарғайған сабанның торсықтай дәні тырсылдап,
Белі шойырылса да, Хайдакең бау тізгіндеп жүр ырсылдап.
Күн қағып әбден бозарып кеткен көйлектен
Тобылғы майдай тамады тамшы шым-шымдап.
Орақ аяқталған,
Күз таяп қалған.
Бармақтай дәнді көріп
Хайдолла тояттаған.
Нан турап жеген соң ұйыған ащы айранға,
– Шаршадым, – деді сабанға құлап Хайдолла.
– Нан бар ғой, – дейді, – нан бар ғой, – дейді ол күбірлеп,
Қашпай қалған қашары жайлы ойлауда…
Кешке жақын дала салқын,
Орып алған егістік қарабарқын.
Жанымда Хайдолла отыр –
Қырманның қарауылы,
…Екіндіге еңкейді дала күні.
* * *
Пендеге біткен дүние,
Байлық па, бақ па – бәрібір,
Көзіңнен бір күн ұшады –
Тағдырдың берік заңы бұл.
Көзіңнен бір күн ұшады
Артына әсте бұрылмай,
Тарқаған базар шуындай
Көзіңнен бір күн ұшады.
Қоңыр суына қош айтпай,
Кеуденің дертін босатпай,
Сазарып қалған сулардың
Қиналып ұшқан қуындай.
Зердеге біткен дүние,
Қайғы ма, сор ма – бірібір.
Кәдесі болса халқыңның,
Салмағын басар алтынның –
Тағдырдың тастай заңы бұл!
Уа, тағдыр, осы заңыңнан
Тоқсан да тоғыз айналам!
Тоқсан да тоғыз ойланам.
Қасиетті заңның қармысын
Қалайша, қалай қайыра алам?!
* * *
Салт атқа мініп, сар желіп қырда қайтар ем,
Шалқақтап жүріп «Айнамкөзді» айтар ем.
Шекетулі ерде отырар едім шайқалып,
Сүріне білмес су жорға болса байталым.
Сарғайған дала, сазды әйет құмы бұрқылдап,
Сар жайлауда анау сері өзен ақса сылқылдап,
Құр-құрлап қырдан қайырып қайтсам құлын-тай,
Әр көде басы дуадақ ұшса пыр-пырлап.
Тайпалған жорғам, майталман жорғам жараса,
Қайқаңдау жолмен қыраттан, белден әрі асам.
Сағынышымды сейілтер ме екен сол кезде
Сары адырларға көз майын тауысып қарасам?!
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ