Көктемгі аспанның жаңғырып дауысы бір күні,
Көз жауын алып құлпырар сосын қыр гүлі.
Хабарын алып жеттің бе жаңа маусымның,
Соңғы қоңырау – он жеті жастың күркірі.
Балалық шақтың оятып күллі өлкесін,
Балауса ойдың қасытып кенет желкесін.
Қимастық шақтың қып-қызыл жібін үзгендей,
Қимастық үні, не деген ғана еркесің?!
Ертең-ақ, ертең толқындарымен тербеп кеп,
Теңіздей өмір төріне қарай төрлетпек.
Құлақтың бірақ құрышында қалар мәңгілік
Сол қоңырау үні, сол бір топ бала, сол мектеп.
Сол қоңырау үні үмітпен бастап жол басын,
Арманға қосып алысқа тартар арнасын.
Сан қоңырауларды күмбірлетерсің, дауысы тек
Он жеті жастың тазалығынан танбасын!
* * *
Таңғы шықтай тал түбіне ұйыған,
Тағдыр білер, қайда барып бұйырам?..
Өзегіңді жарып шыққан, әйтеуір,
Ей, табиғат, бір өзіңе сиынам.
Құмға сіңір, мекенім жер лайым,
Көлге жеткіз, меруерт боп тұнайын.
Ей, табиғат, сен анасың, бір тамшың
Зая кетсе, жалғыз саған уайым.
Тамшы туар, шырағданың, шырайың,
Аман болсын қара Жерің, Күн, Айың!
Мен – балаңмын, сені біреу мүсіркеп,
Аяр болса, жалғыз саған уайым.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ