МІНЕЗ

Адамның сорлы міні – мінезсіздік,
Сананың солғындығы – мінезсіздік.
Ерлік те, еркелік те – бәрі мінез,
Болмаса тым есерлік, тым ессіздік.
Мінездан табады адам дос та, жау да,
Табады кейде бейнет, басқа сауда.
Мінезсіз мінсіздерден мінезділер
Бақытсыз болған емес ешқашанда.
Ей, досым!
Жүз шайысып қалысармыз,
Тобық қағып, аяқ та шалысармыз.
«Ер шекіспей бекіспес» деген қазақ,
Мінезің болса болды, табысармыз!
* * *
Нөсерлеп өтті жаңбыр,
Аспанды күркіретті.
Көкжиек ала шабыр,
Астарын жыртып өтті.
Қара оттың түбі балқып,
Булығып тұр жетілмей.
Жусаған үйір жылқы
Жусаннан үркетіндей.
Жазылып жайылмайды,
Жаңбырға жалдап алып.
Қайық жел қайырлайды
Жазықтан жонға барып.
Боз бие дара мүсін,
Топ малдан биік тұрды.
Теуіп қап жабағысын,
Құлынына иіп тұрды.
 
 
 

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *