КӨЛ ЖАҒАСЫНДА

Кешкілікте көлден самал соқты ғой,
Шабандап есіп, сараң соқты ғой,
Тыншу мезгілде тыпыршып тұрмын,
Самал бола алмай, амал жоқтық-ай!
Жағасы көлдің бозқонақ, өлең,
Қоғасы көлдің қозғалады әрең.
Лап етіп жанып, лып етіп сөніп,
Лықсиды жүрек, бозбала денем!
Кемерді шайып толқын келеді,
Төбемнен қою бір түн келеді.
Тұр өңір тыныш, жүрегімде ұрыс,
Шаттықтан шалқып күлкім келеді…
* * *
Қорланға ғашық болған есіл Естай,
Көңілінің қаңтарылған көші жастай.
Ойлаушы ем:
«Қолы жетпей Қорланына
Жер басып жүрді екен деп несіне Естай».
Ойлаушы ем:
«Ақылға тіл төселдірген
Тағдырға жібермес деп есеңді сен».
Ойлаушы ем:
«Мен егер де Естай болсам,
Қорланға қосылам деп есен жүрсем».
Ойлаушы ем және ойлаушы ем:
«Жақсы көрсе,
Қорланға артық па деп басты берсе».
Қайырлап қалады деп ойламаушы ем,
Қос желкен қыр соңына тасқын ерсе.
Ертістің ар жағында алаңдаған,
Естайға ақындығы талан болған.
Ыстығы махаббаттың ішке түсіп,
Мұң болып сыртқа шығып аман қалған.
* * *
Махаббат бір дерт емес пе еді, қарағым?!
Өрті емес пе еді назырқану менен наланың?!
Енді ушықса емі болмас бұл ауру,
Аузын тырнап ала көрме жараның…
Махаббат бір көл емес пе еді, қарағым?!
Ақ қайраны мен емес пе едім жағаның?!
Хош, хош, енді қайырламай қайраңға,
Қара суға жүзіп кеткен шабағым.
* * *
Өліара мезгіл…
Он алты жаста едік біз,
Өліара өтсе, өруге жүрген елікпіз.
Сансыз табандар сарсылған дүние, сені біз
Тауыса алмаспыз, «армансыз кезсек» дедік біз.
 
Жалғыз да жарым жорытпай жайық жапанға,
Тұяғы барлар туған соң тыныш жатар ма?!
Қырық құбылып Құралай ертең өткен соң,
Құлындай ойнап шығамыз біз де сапарға.
Түнеріп аспан, томсарған бұлттар қарсы алып,
Жауар ма екен ебіл де себіл тамшы ағып?!
Жасамыс аспан жаңа бір ұрпақ келгенде,
Жасаурап алып жылайды, әйтеуір, жар салып.
Көк сағымдарға жетердей-ақпын жүгірсем,
Көгіме қарай көтерілсеңші, Күнім, сен.
Көзімді қарып, сезімді жанып, тұр, міне,
Бұл көктем жерге келмегендей-ақ бұрын-соң.
Алқынып асығыс, аптыққан демін баса алмай,
Өрге асып кетсе өзендер таудан асардай.
Марқаюы бар, қартаюы жоқ дүние,
Табиғат заңын тоқтатам қалай қош алмай?!
Өліара мезгіл, өте ғой енді тезірек,
Жолыңды ашты жаңа бір маусым кезі кеп.
Безініп тумай, сезініп туып барлығын,
Бүлкілдеп тұрған бір «пәле» екенсің,
Бүйірімде жатқан бір «пәле» екенсің, о, жүрек!
* * *
Он бестен он алтыға жеткен кезім,
Өндірдей өлкем де өзім, көктем де өзім.
 
Жүйткіген жүйрік сезім – өкпек желім,
Масаты мақпал майса, көк пен жерім!
Мен – көктем, мезгіл – көктем, маңай – көктем,
Күн шығып көк өзектен арай төккен.
Жасамыс жиде, талдың жапырағы
Жасарды талай қурап, талай кепкен.
Сағымды көкжиекке дала күрмеп,
Жапырақ жанданады самал үрлеп.
Жапырақ шайқалғанда, саусағымен
Шертеді шабытымның шанағын кеп.
Кеудемнің табиғатқа қосқан әні,
Сар желіп, шаужайына қосшы алады.
Күй-дүние, күйтті көңіл дос болады,
Көктем боп көктем өмір басталады.
* * *
Қау етіп құныс тамыр, бел көгеріп,
Қаз-үйрек қазоты өскен көлге қонып.
Көз ұшы – қара қырдан қайырамыз,
Қозы-лақ көкке құмар желдеп өріп.
Артынан ақ жаңбырдың – олжалы қыр.
Ауылдың бер жағы қыр, ар жағы қыр.
Қан күрең нәлге бояп нау бұлттарын
Адырда алаурап тұр маржан іңір.
Іңірдің шалығымен солықтаған
Қыр жатыр соңғы сәуле болып тәмам.
Жел тұрса қорым жақтан қыздармен бір
Қозы-лақ қайыруға барып қалам.
Қарсыда қарауытып төбе жатты –
Көмбесі ескі атыз бен көне жаптың.
Бәтима, Балғима кеп шақырған соң,
Бүгін де қозы-лаққа келе жаттым.
Мен – көктем, мезгіл – көктем, маңай – көктем,
Мелдеген көкжиектен арай кеткен.
Барады іңір іріп түнге айналып,
Қоңыр бұлт қоламтадай қалайы еріткен.
Қалғандай қараңғымен сағынысып,
Жапалық жартық түнді жарып ұшып.
Қыздардың көйлегінің етегіндей
Көңілім келе жатыр алып-ұшып.
 
1969 ж., қаңтар

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *