Күмбірлетіп кете алмай көсіле өтіп бара жатыр ма есіл өмір!
Көздеп келген көмбеден шыға алмасақ,
жігіт болып жүргеміз несіне құр.
Құтылғандай қыспақтан бір тар ғана,
түсетін кез болмай ма күрт арнаңа,
Қанша қамшы салдырмас дегеніңмен,
көңіл толмай тұрады-ау тұлпарға да!
Өзімді-өзім көргенмен енді қайрап,
қырық бесте кім маған берді қайрат?
Кеше неге еріктім,
еркеледім,
жетегіңде желіктің желдім айлап?!
Жоққа бола мастанып,
маң-маң басқам.
Қаншама бір алдымнан таңдар қашқан.
Келіппін-ау, дүние-ай, бақыттың да
қол созым жер қалғанын аңғармастан!
Ұзап кетіп барады ерлігің де,
Мұң шағайын, бауырым, енді кімге?
Ұяты бар ұлыңның біреуі едім,
Күдер үзе қоймап па ел бүгінде.
Сәкен Иманасов