Табиғат құдіретінен жаралып тән,
Астынан бір аспанның ауа жұтқан.
Ей, адам, сен досымсың кім де болсаң,
Еңбекпен ертелі-кеш алабұртқан.
Ағымнан жарыламын саған бүгін,
Тура айтсам, тауып айтсам, маған жүгін.
Заманның құдірет-күші сол дер едім –
Адамның бір-біріне адалдығын.
Дүниенің дариядай мол ағысын
Топшылап, тоқсан ойлап шоламысың.
Замандас қар талдырып, бас ауыртқан
Заманның жаз дидарлы қабағы үшін.
Енді ұят қара жерді қанға бояу,
Бақыт қой әрбір атқан таңды аялау.
Дәл кәзір ақ ниетті әрбір адам
Дүниеге сергек қарап, болмақ ояу.
Сен мейлі қырда шопан, құмда мұрап,
Диқансың, қызыл бидай, қырманын бақ.
Адамның игілігін жасап жүрсең,
Күзетіп бейбіт күнді тұрғаның хақ.
* * *
(Зинураға)
Күнім шыққан сәскеге, мезгіл шаңқан,
…Сені сүйеді екенмін, сездім, қалқам.
Мені сүйсең, «жоқ-барға» мойындамай,
Уайымдамай, уақытша төзгін, қалқам.
Төзгін, қалқам, шалғайда, шетте жүріп,
Сағынышқа сарғайма, көп беріліп,
Назырқасаң босатып буынымды,
Өкпек желдей жеткіз бір өкпелі үміт.
Өкпек желдей есілген сендегі үміт –
Өрге сүйреп шаршаған мендігі жүк.
Бөліп жұтқан бөлменің ауасындай
Арқалаймыз екеуміз теңге бөліп.
Тағдыр бізге жазылып қойған жырдай,
Салдың ірге қанатын жайған жылдай.
Қолаң желдей қазымыр үміттерің
Қоймайды екен қазылтып ойландырмай.
Маған талай үмітті кез қыл, қалқам,
…Сені сүйеді екенмін, сездім, қалқам.
Мені сүйсең, бір ауыз тәтті жырдың
Толғағына бір ауық төзгін, қалқам.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ