ЖЕҢІС ЖЫРЫ (Өтежанға)

Қозатын «қоға» десе намысымыз,
Өртеңнің орнындағы қамысымыз.
Жел тұрсын, самал соқсын, бұл маңайда
Бірінші шыққан біздің дауысымыз.
Жел жоқта қамыс басы майда құрақ,
Үкідей үлпілдейді ойланып ап.
Сабағын қағыстырып табыстырған
Қолаң жел – қойдай жуас қайда бірақ?!
Дауылы соқпай жатып байқалған соң,
Дауысы шықпай қайтсін шайқалған соң?
Ерлік сол – жел өтінде тұрсаң-дағы
Еркелеп шындығыңды айта алған соң.
* * *
Жылдар қалай зымырайды, ағажан,
Шапшып аққан суларға ұқсап сағадан.
Самайыңа ақ кіреді аңдатпай
Суық қолдай жас күніңді тонаған.
Бірте-бірте көздегі үміт мұнары
Сейіледі, кеудеңе кеп тұнады.
Құйттай жүрек құйын мінез, құрғырым,
Тыпыршиды, қанадан тыс ұрады.
Қанат бұлғап қайтқан құстай төбемнен,
Күн өтеді…Көлеңкесін көрем мен.
Мені анау жыл қытықтайтын қыз даусы
Қарт әншінің әуеніндей көнерген.
Көз алдымда керуен көлбеп дәл мына,
Көнерген де, жаңарған көп орнына..
Қысқа жіптей келмесең де күрмеуге,
Қайран жастық, орның сенің толды ма?

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *