Күндемей өрдегіні,
– төрдегіні,
Елеусіз өтіп жатқан елде өмірі,
Жар құшып,
бала сүйіп,
бақыт қуған
басы жұмыр пенденің мен де бірі.
Жаңғыртып жатпаса да орманды үнім;
Іздеген жерім бар ма жол даңғылын,
Қапыда қамығып та көрдім қанша.
аз емес бақытты да болған күнім.
Ердім де,
ермедім де «есерлерге»,
жіберген жерім де жоқ есемді елге, –
Бәрібір сенбес еді ешкім бүгін
күнәға батқан жоқпын десем мен де!..
Білмеймін аз бердім бе,
көп бердім бе, –
әйтеуір ризамын өткен күнге,
Бұғып та өткен жоқпын бұралаңнан,
шығып та кеткен жоқпын шектен мүлде.
Бар шығар білгенім де білмегенім,
өкпем жоқ өтіп жатқан күнге менің, –
Біріне тірілердің жағынбадым,
іріге табынбадым…
күндемедім.
Бар шығар ұтқаным да,
ұтпағаным,
Не істеп,
не қойсам да құптады арым, –
Ақтарып, ағайынға барымды аштым,
көзіне қарындастың тік қарадым.
Жұрт айтып жүрмесе де жатқа бәрін,
бар шығар тапқаным да,
таппағаным, –
Ұлысын – ұлы дедім қатарластың,
күн үшін көрінгенді мақтамадым.
Бар шығар жеткенім де, жетпегенім,
Әйтеуір өзімді-өзім шектемедім.
Білемін, –
жақсы көрсе ел –
тек сол үшін,
жек көрсе –
тек сол үшін жек көрерін!..
Сәкен Иманасов