АПА, СЕН ЕРТЕ ҚАРТАЙМА

Апа, сен ерте қартайма,
Қарқара жаулық салынып,
Апа, сен ерте қартайма,
Қара шалыңды ойлап сағынып.
Сағынба деп те айта алман
Отасқан отыз жылыңды.
Қара шаңырағың шайқалған
Қара шал кеткен күніңді.
Күнде ойлай беріп қайтесің,
Бақыты жансын бұл күнде.
Тағдырдың көрдің тәйкесін,
Бүгін де көрдің, шігін де.
Бесікпен мені белге орап
Соғыс жылдары шығырдан
Қайтқанда, сәби жол қарап,
Жүрегің соған жылынған.
Атаңның әлде «тәубесі»,
Ақ пиғылы ма келіннің?..
Сол екі тілек тоғысқан,
Әкемді әкелді соғыстан
Көретін жарық сәулесі
Қарындас-інілерімнің.
Ұлдар да тудың, қыз да ерді
Соңыңнан сенің «апалап».
Сен өсірдің ғой біздерді,
Өсірді жарқын махаббат.
Қаншамыз кеттік жер тартқан,
Қаншамыз аман-сау қалдық.
Басыңа тартқан ақ шаңқан
Аналық туың – ақ жаулық.
Қара шал тілсіз кетті ғой,
Тосылмас жерден тосылар,
Тағдырдың кейде өші бар.
Сонда бір жалғыз сөйлемге
Екеуің де зар болдыңдар,
Сағынта қалса сол жылдар
Қара шалыңды есіңе ал!
* * *
Асқынып ағатын бұлағың
Бастығып қалған ба, шырағым?
Басылмай келіп ем құмарым,
Басыңа жеттім де құладым.
Баяғы ағысың қайда асау,
Булығып жатыр ма, бар ма сау?!
ара жер қайнарға тоймас-ау,
Қайнарлар ағыссыз қалмас-ау.
Көлдері қол бұлғап талай қыр,
Төсінен шақырды талай нұр.
Сабылып сабырсыз келгенде
Саябыр жатқаның қалай бұл?..
Басылмай келіп ем құмарым,
Басыңа жеттім де құладым.
Мен сенен сусындау орнына
Сені мен суарып, жыладым…
 
1969 ж., қыркүйек

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *