Қоштасу жыры

Бағана кетуім-ақ керек еді,
бөгедің осыншама неге мені?
Қарағым, көптен бергі кеші мұңдас,
кешіктім, қой, кетейін, есігіңді аш!
Оранып қара мақпал бұрымыңа,
қалғытып Алматының түні, мына,
кетейін, барар жерім алыс әлі,
қалтырап,
қолың неге қарысады?
Біржола қия да алмай сені мүлде,
қазіргі көңілім де әрі-сәрі.
Созуға уақытты тырысқанша,
білсеңші,
барар жерім… бұрыс қанша.
Ұмытып осынау үй, көшені де,
енді мен қайта оралам кешегіме,
көрдің бе,
қараңғы түн кірді барып,
қызуы басылмаған төсегіңе?
Барады бірте-бірте суып күн де,
жіберші,
жүріп кетем суыт, түнде.
Қалқам ең, көптен бергі кеші мұңдас,
кетейін,
көп бөгемей, есігіңді аш!..
Кетіріп қас қағымда көктің әрін,
апыр-ау, аспан неге төкті кәрін?
жауыны, құтырынған дауылы ма, –
әп-сәтте астан-кестен етті бәрін.
Далада терек құлап, қақпа сынып,
айқара әйнектер де жатты ашылып.
Сіресіп жатып алған сірі қардай,
Өкпенің бұрын-соңғы бірі қалмай.
Мінім бе, мінезім бе жорта қызба,
Үйіліп қала берді ортамызға.
Ысырып біржолата шетке бізді,
Көрсетті көзімізге өткен ізді, –
Сөз бе екен өкпе деген..
Арамызды
Қайта бір кешірілмес кекпен үзді!
Баяғыда кетуім керек еді,
Осынша бөгей бердің неге мені?
Өтті күндер бірінен бірі аумаған,
сыртымнан ел де күліп жүр-ау маған,
Болса да бәрі-бәрі айдан ашық,
Өзімнен кете қоям қайда қашып?
Қолдан да қол қалмады қоштасам деп,
Қайтадан достасам деп…
аймаласып.
Толып та шыға келген жанар мұңға,
Шынымен тығырыққа қамалдым ба?
Сыртта бір,
сезіп едім,
соқпақ барын,
есіктің аузына әкеп…
тоқтатқаның!..
Айналып тірлігіміз тірі аңызға,
Осылай таң атқанша тұрамыз ба?
Босаға,
маңдайша мен табалдырық,
солардың арасына қамалды үміт.
Уақыт тоқтамады,
өте берді,
Қоя бер, кеш те болса, кетем енді.
Үзілген алқадай-ақ мойнындағы,
Жаңағы быт-шыт болған ойдың бәрі, –
аңғармай алдымызда жанжал барын,
екеулеп тізіп едік маржандарын,
сезімге болған шақта сүйіс бөгет,
алақанды жатушы едім иіскелеп!..
Тағы да таңырқатып тамам елді,
Шашылып, аяқ асты қала берді,
алмайды енді оларды теріп ешкім,
Апыр-ау, неге сонша өліп-өштің?
Қоя бер,
маңайыма жуыма да, –
алтынның буына да ерімеспін.
Үзсең де болар еді мүлдем үміт,
Жоғалам, жалғыз өзім түнге кіріп, –
Қорқыттың маған деген көрі қайда,
Жататын бөрі қайда күндегі ұлып!
Шығардым өзіме-өзім қаралы үкім,
Қайдасың жаңағы бір жаралы түн?
Жан едім, жастығымды ала құлар,
еншіме бересің бе даланы бар?
Барады мына суық боран ұнап,
Жатайын аппақ қарды оранып-ақ.
Ұйытқысын әрі-бері жел үстімнен,
Несі бар,осыған да келістім мен!
Көп еді арманым да –
адастым ба,
Көміліп қалғаным ба қар астында?!
Шырағым, шын айтасың – бітті бәрі,
оп-оңай өмір кейде ұқтырады.
Көңілім әлденеге ете ме елең,
Қой енді, қайырылмай кете берем,
Қызулы төсегіңнен жұлып алып,
қандай күш мені аулаққа жетелеген?
Бар ма еді байырғы бір батыр аға,
дауыстап, өз қасына шақыра ма?
Сытылып шығатындай тар құшақтан,
Соншалық кісі ме едім қарғыс атқан?
Жоқ, бәрі қырсығы ма тұл ақылдың,
немесе меңірейген мына түннің?
Ертеде айтып еді бір танысым,
ертеңгі өсіп-өнер ұрпағы үшін
жар құшып,
бала сүйіп,
өтеуіне
өткізіп жатады, деп, жұрт арысын.
Мен үшін арысы не, кәрісі не –
Бұл сөздің бармап едім мәнісіне,
Жеткені осы ма әлде ақылымның, –
Білмеппін жатым барын, жақыным кім..
Еркіндік,
кеңдік қандай,
ерлік қандай,
болдым-ау бәрі-бәрін енді ұққандай…
Жетеді осыншама ұстағаның,
Кетуім керек енді, қыстамағын.
Ойымды айдалаға бұра берме,
жолына тұра берме күстананың.
Жан ба еді ол сендей жалғызілік,
жаңағы үн неге естілмей,қалды үзіліп?
Ебі ме – бетімізден шымшылаған,
желі ме – аш күшіктей қыңсылаған, –
түп-түгел көтерер ем ауырламай.
Апыр-ау тына қалды дауыл қалай?
Есіме қайдағыны салды бәрі,
құлақта сенің үнің жаңғырады.
Сіркіреп, жаңбыры да, тынған еді,
Шырағым, тағы да бір тыңда мені…
Айтпақшы, аспандағы қарап айға,
әлгі бір ит ұлыған дала қайда?
Манағы жалғыз жүрек зарлап тегі,
бір өзі қар астында қалмап па еді,
Кезінде біреулерге көп көрінген
ол да бір бейшара еді өртке кірген,
дүниенің төрт бұрышы сияқтанып,
өзі де келе-келе төрт бөлінген.
Шырылдап, қорғайтыны шындық еді,
мені іздеп жатқан шығар, кім біледі,
Қарағым, тілеуі бір, кеші мұңдас,
Тезірек кетейінші, есігіңді аш!..
 
Сәкен Иманасов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *