«Тек жүрсең – тоқ жүресің», – дейді халық,
Мен тұрмын өз кінәмді мойныма алып.
Тебіскен теріспенен тектіні де
Тентектің қатарына қойды барып.
Мінімді ағайын-жұрт,
ел біледі,
көбісі көндірем деп келді мені,
Қайтейін,
қайқы біткен қарағайдай,
тек жүре алмағаным белгілі еді.
Тек жүру –
көрсетпей-ақ елге кеуде –
жауызды жұрт алдында жерлемеу ме?
Балаңды енжарлыққа баулып әлде:
«Көрсең де жамандықты – көрме», – деу ме?
Елемей осалдығын өзгенің де,
өзің де қиянатқа төзгенің бе?
сыртынан сұмырайдың айбат шегіп,
үндемей отыру ма көзге мүлде?
Тек жүру
жеңілсе де ер егесте,
бармау ма,
бас кететін ерегеске?
Егерде осы болса –
онда менің
тоқ жүрмей, аш өткенім жөн емес пе?
Сәкен Иманасов