ЖАСҚА САТПА ӘКЕҢДІ

Жасқа сатпа әкеңді,
Ақылы қашқан кәрі деп.
Ажалдан алып қалмайды,
Апиын ішпе дәрі деп.
Қолаға берме күмісті,
Алтынға ұқсас сары деп.
Азғырған арам тілге ерме,
Адамның бірдей бәрі деп.
Оқығанды ойлама,
Есі кеткен сорлы деп.
Надандарға қол созба,
Адамның жақсы зоры деп.
Билікке қарай қол созба,
Жақсы оның бәрі деп.
Сөзіне қарай кісіні ал,
Деме елдің қоры деп.
Момындарға күш етпе,
Жетеді оған әлім деп.
Ойланбай бұрын іс етпе,
Өзім білем бәрін деп.
Ағайының көре алмас,
Жат жақсы ғой онан деп.
Шашпа бекер малыңды,
Таусылса өзім табам деп,
Іркіп ұста барыңды,
Сенбе елден алам деп.
Айттым мұны сіздерге
Есте сақтап білсін деп.
Ақылдылар ойланып,
Әрбір сөзін түйсін деп.
Айтпай кетті ағалар,
Деп жүрмесін бізге деп.
Өлгеніңше ол азық,
Өнер, ғылым ізде деп.
Кейбіреулер оңалмай,
Орын тауып қона алмай.
Көрінгенге тиісіп,
Қор болып жүр бұл қалай?
Көрдім мұны мен талай,
Не жасайсың, тәйір-ай?
 
 
 

Қабан (Қабылиса) Асанұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *