Есіңде ме?..
Көктөбе… ақ күміс күн…
Құшып ыстық өзіңді,
Қатты қыстым.
Құйын болып өткендей болды-ау, дүние,
Жанарыңнан сол шақта жат бір ұшқын.
Шырқ үйіріп бір сезім Көктөбені,
Жат сурет елестеп өткен еді…
Қайыра кеп құшуға
Үркек көңіл
Дір-дір етіп, қайтейін, беттемеді.
Өз-өзінен көңілім үркектеді,
Әлгі әдемі аспан да нұр төкпеді.
Талай тәлкек тағдырдың куәгері –
Көктөбенің беті де бүлк етпеді.
Содан бері қаншама келді де кеш,
Келді кештер… біз үшін мөлдіремес.
Содан бері…
Көктөбе жаққа барсам,
Көз алдымнан кетпейді сол бір елес..
Сәкен Иманасов