Бұқар Қалқаманұлы өлеңдері

Жал-құйрығы қаба деп,
Жабыдан айғыр салмаңыз.
Қалың малы арзан деп,
Жаман қатын алмаңыз.
Жабыдан айғыр салсаңыз,
Жауға мінер ат тумас.
Жаман қатын алсаңыз,
Топқа кірер ұл тумас.
Жаман қатын алғаның –
Төркініңе бере алмай,
Төсегіне жата алмай,
Тең құрбысы келгенде
Оңды жауап қата алмай,
Жалғанда қор болғаның.
Таудан аққан тас бұлақ
Тасыса құяр теңізге.
Қанша малы көп болса,
Бай қуанар егізге.
Жаманнан жақсы туса,
Жақсыдан жаман туса,
Тартпай қоймас негізге.
 
Мырзалық қонаққа пайда, малға қас,
Батырлық жолдасқа пайда, жанға қас.
Өтірік сөз дауға пайда, иманға қас,
Өткір пышақ қынға пайда, қанға қас.
 
 
Асқар таудың өлгені –
Басын мұнар шалғаны.
Көктегі бұлттың өлгені –
Аса алмай таудан қалғаны.
Ай мен күннің өлгені –
Еңкейіп барып батқаны.
Айдын шалқар өлгені –
Мұз болып тастай қатқаны.
Қара жердін өлгені –
Қар астында жатқаны.
Өлмегенде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді.
 
 
Бірі – етек, бірі жең болған,
Ежелден саған ел болған
Орта жүзден кісің жоқ.
Найзасының ұшы алтын
Кіші жүзден кісің жоқ.
Енді бұған қарап тұрғаннан
Басқа қылар ісің жоқ.
 
 
Бұқар Қалқаманұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *