Бұқар Қалқаманұлы өлеңдері

Алпыс жасқа келгенде
Жақсы болсаң, толарсың,
Жаман болсаң, маужырап барып соларсың.
Алпыс беске келгенде
Жұмсасаң балаң тіл алмас,
Қатының қарсы шауып ұялмас,
Көрген күнің сол болар:
Тоңқайып масақ терерсің,
Еңкейіп орақ орарсың.
Жетпіс жасқа келгенде
Жаңылып сөзден қаларсың.
Жетпіс беске келгенде
Жылуы болмас қойынның,
Қауқары болмас сойылдың,
Мүжіліп әбден тозарсың.
Сексен жасқа келгенде
Өлмесең де жойылдың,
Әр атаққа қойылдың,
Біреуге жүк боларсың.
Сексен бес деген жер екен,
Шындап ұрған пері екен.
Тоқсан жасқа келгенде
Екі қара көзді алар,
Ауыздағы сөзді алар,
Бұтыңдағы безді алар,
Бетіңдегі нұрды алар,
Бойыңдағы шырды алар,
Аузыңдағы тісті алар,
Қолыңдағы істі алар,–
Өлмегенде нең қалар?!
Тоқсан бес деген тор екен,
Дүйім жанның қоры екен,
Қарғиын десең – екі жағы ор екен,
Найза бойы жар екен,
Түсіп кетсең түбіне,
Түбі жоқ терең көл екен.
Ел қонбайтын шөл екен,
Келмейтұғын неме екен.
 
Бұқар Қалқаманұлы
 
 
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *