Қызықты күнде қыздырған,
Арандатқан жиырма бес.
Асау талқы бұздырған,
Борандатқан жиырма бес.
Қызды ауылды көргенде
Бұлаңдатқан жиырма бес.
Төстен қашқан түлкідей
Сылаң қаққан жиырма бес.
Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күреңді мінген жиырма бес.
Күрек тісін қасқайтып,
Сұлуды сүйген жиырма бес!
Бұлбұл боп ұшты көзімнен,
Іздесең де табылмас!
Кәрілік шіркін не қылмас:
Қолыңа таяқ ұстатар,
Аяғыңды баса алмай,
Келін-бала келгенде
Ауызыңды аша алмай,
Уақыттың ісі қиын-ды
Кәрілік әбден жеткен соң.
Айтып-айтпай не керек
Мезгіліміз өткен соң;
Кеудедегі қызыл шоқ
Су құйылып өшкен соң;
Жастық дәурен жалын-өрт
Басымыздан көшкен соң;
Айтуға бәрін әлім жоқ
Мезгіліміз жеткен соң!
Қатты тамақ шайнарға
Мен пақырда тіс бар ма?
Арыстан ем айбарлы,
Бұл күнде қуат, күш бар ма?!
Құбылып тұрған бәйшешек
Қурай болар солғанда.
Қыран бүркіт төмендер
Қос қанаты талғанда.
Сөге көрме, Абылай,
Мен пақырда сын бар ма,
Уақытым мұндай болғанда!
Уақытым кетті басымнан,
Хан Абылай атанып,
Жайнап шықтың жасыңнан.
Мейманасың толғанда,
Уақытыңыз болғанда
Қарашың қашар қасыңнан.
Ханның жақсы болмағы –
Қарашының елдігі.
Қарашы халқы сыйласа,
Алтыннан болар белдігі.
Жақсы әйел ұл туса,
Патшадан болмас кемдігі.
Айтсам сөзім таусылмас,
Өзің ұқ артын ендігі.
Бұқар Қалқаманұлы