Бағаналы орда, басты орда,
Байсал орда қонған жұрт.
Қара түлкі қармалжын,
Қас сыпайы киген жұрт.
Ақсары атан аспалап,
Ел жайлауға шыққан жұрт.
Хақтың жолын күзетіп,
Жақсылықты ұққан жұрт.
Бас-аяғың бай болып,
Бәсеке дәурен сүрген жұрт.
Байтөбетің маңқылдап,
Байсал тауып үрген жұрт.
Туырлығың қара кіс,
Тура, тура болған жұрт.
Түтінге салса саспаған,
Шоралар сауықпен ішсе тауыспаған,
Ағар бұлақ сүтті жұрт,
Көп жылдарға бек сақтап,
Есен де есен болған құтты жұрт.
Бағаналы орда, басты орда,
Байсал орда қонған жұрт.
Мамырасып ел болып,
Байсалды жайлау табылды.
Көлдей қамқа төсеніп,
Көрікті ханым түскен жұрт.
Ханым берген қамқа тон
Жырау киіп кеткен жұрт.
Бұқар Қалқаманұлы