Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен!
Махамбет
Тыңдасын – анау аспан,
мына қырат,
жақпардан жарқырап бір құла, бұлақ!
Тыңдасын –
қырларым да,
қырманым да –
адырнам қолымдағы тұр аңырап!
Ал енді
Ала өгіздей мөңіретейін,
есердің есін алып, еңіретейін.
жеті қат аспан асып,
басқа қашық бар болса,
қабырғасын сөгіп өтейін.
Тыңдауға туған дала болса дайын,
бере тұр,
қорамсаққа қол салайын.
Жебенің жеті атасы бар-ау мұнда,
өткір ме –
қолыңа алып,
көрші, ағайын!
Жебір мен жеркенедей қуды сынар,
жебемнің ұшқыры бар,
ұлысы бар.
біреуін бел асырып жіберсем бе,
ар жағы бұрынғыдай шулы шығар!
Анау – бір арамзаның ізі болар,
Жасыра біледі ғой жүзін олар,
сыртынан зуылдатып,
сұр жебенің
біреуін жіберсем бе дүзі доғал!?.
Жалқауды төсегінен тұрғызайын,
жақсының бетін бері бұрғызайын.
Қорқаудан қыртың бұрын құтырды ма,
шіркіннің шырқын бүгін бір бұзайын.
Шығарып қанымызда жоқ қылықты,
үйренген
ұрлық-қарлық
ептілікті,
сақалын саудалаған кәріге ме,
жебем бар бәріне де жеткілікті.
Жетеді бәріне де жебелерім,
көрсетіп қойыңдар тек төбелерін
сұмырай нысанаға ілінгесін,
саусағым дірілдесін неге менің!
Адырнам аңырауға бүгін дайын,
садақты солқылдата сығымдайын.
Қарсылас
тұрысатын жерін айтсын,
бет бұрып, біреуінен бұрылмайын!
Тыңдасын –
аспан күліп,
алқынып қыр,
төрешім, мергендіктің шартын ұқтыр!
Ал енді ала өгіздей мөңіретем,
Адырнам, ала қашып, тартылып тұр!..
Сәкен Иманасов