– Ай, Абылай, Абылай,
Туған адам өледі,
Кебенек киген келеді.
Қазақтың асқар белі еді,
Тірісінде бетіне жан келмеген.
Қазақта артық туған
Жолбарыс еді, шері еді.
Далада жүрген нарлы түйе келедей,
Ғақылы дария, суда жүзген кемедей,
Қайырын берсін артына,
Әкең өлді Төледей!
– Ей, Қазыбек хатшым-ай!
Сөзімді жазып қалдырсаң.
Балаларым сенің атшың-ай.
Сүзгендей судан жалбызды,
Жаным мұрным ұшында,
Алып бір келдім жалғызды.
Қайта шапқан жау жаман,
Жалғыз да болса қайтейін,
Осында бүгін алғыздым.
Бұл сөзді айтсам, жылайсың,
Жылайсың әлде күлесің.
Жалғызымды жауға саламын,
Дұшманнан алсын үлесін.
Ата-баба жері үшін,
Кешегі өлген ері үшін,
Ашпаған әлі ұйқысын
Болбырлау бала сүлесін.
Деп әкелдім: Шыжымсың,
Қатырсын дұшман сілесін!
Жауға шапсын, түлесін!
Найзасы қалмақ өткір дүр,
Оған да болар, сірә, сын.
Жалғыздың жары құдай-ды,
Құдайды білген ұзайды.
Жалғыздың жары Жаппар-ды,
Өлмеймін десең, жалғызым,
Қуалай шап жақпарды.
Жерден соң байлық не керек,
Жерден, шіркін, не ерек?
Біле де жүрген жоқ-барды.
«Бұқардың жалғыз ұлы»,– деп
Мүсіркетіп біреуге,
Кетіре көрме әр-арды!»
Ей, Қазыбек бегім-ай!
Қаламға қолың ебін-ай.
Көп жасадым десем де,
Көрмегеннің көбін-ай!
Қазақ, қалмақ дауына,
Жалғызды салдым жауыма.
Зорға, зорға жүрмін мен
Жібере жаздап ауыма.
Ей, Қазыбек асылым,
Жауға кетті асылым!
Тартып тұрмын, мінеки,
Қайғының жаман ғасылын.
Өз үстіне түсірсін
Жаудың бір ағар жасынын!
Бұқар Қалқаманұлы