Жиырма бес жылдан соң

Арамыз ажырасып кеткелі де,
апыр-ау, ширек ғасыр өткені ме? –
Жан таппай ақылдасар Алакөлден,
қол созып,
қала бергем көктегіге.
Бұлақтай құрдым барып,
жерге сіңген,
шықтым ба біржолата мен де есіңнен?
Бет алған жолыңнан кім қайтармақшы,
Кетіп ең қол ұстасып «теңдесіңмен».
Бола алмай жарқыраған көгімде күн,
Содан соң қайтып маған көрінбедің.
Тек қана ара-тұра еститін ем,
алыста ақбұлақтың егілгенін…
Елестеп сала-құлаш бұрым алдан,
Мәжнүндей мәңгіріп көп жүріп алғам…
Әйтеуір, содан бері сыңсып есіп,
бір сарын көкіректе тұрып алған.
Тірліктің қызықтырмай тойы мені,
сол сарын үзілмей-ақ қойып еді.
Қашан да саған барып тірелетін,
Кернеген көкіректі ой легі.
Ойларға оңашада беріп ерік,
Көріспей қаншама жыл келіп едік.
Тұрушы ем төсегімнен сәл мұңайып,
Түсімде тұнжыраған сені көріп.
Балалық, бал түндерім, қиялдасым,
Көңілдің қалай ғана тыям жасын?
Ергенің теңдесің бе, жерлесің бе, –
Сезуші ем сені мендей сүйе алмасын!
Аспаның осыншама түнерсе кеп,
Өзің де таппас едің күлер себеп,
басында тілеуші едім,
барған жерің
күң етіп,
күңірентіп жіберсе, деп!
Ол кезде бәрі маған кешірімді,
Ұмытсам,
деуші ем, сенің есіміңді.
Сыбаушы ем «бақыттырақ шіркінді де»,
Көп көріп күлкіңді де осы күнгі.
Сен едің шырқап салған тұңғыш әнім,
амал не, алғаш рет сынды сағым.
Өзіңдей содан бері болмай ешкім,
толмай да әлі күнге жүр құшағым!
Сен тұрдың қарсы алдымда
«жайраң қағып»,
Мен тұрмын барлығына қайран қалып.
Осы ма, сұлуым-ау солмағаның,
бақытты болмағаның айдан да анық.
Күлгенің, жүргенің де өзге мүлдем,
Басқадай өзгерісті сезбедім мен.
Қайтесің кермаралдай керіліп құр, –
бәрі де көрініп тұр көздеріңнен.
Көзіңнен көрініп-ақ тұр-ау бәрі:
еңкейіп, екіндіге күн ауғаны,
біржола жерімеген көңілің де,
ішінде, ерімеген қырау бары.
Өмірге өкпелі ме, өктембісің,
қимай ма баяғы бір көктемді ішің,
Бақытым бола жаздап,
бола жаздап,
қолыма қона жаздап кеткен құсым!
 
Сәкен Иманасов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *