Ұшырып өлең өмірге,
Төксек те қанша күнде тер.
Осы жұрт бізді
тегінде,
Ақын деп атап жүр бекер.
Тебіреніп таңға әр атқан,
Тілінен тауып мұратын.
Аузына жұртын қаратқан,
Ұқсамас бізге шын ақын.
Пендеге бермей есені,
Төгетін сөзден от кілең,
Шын ақын деген
Кешегі
Махамбет шығар деп білем!
Көсем де болып өзі елге,
Көзіне бәрін айта алған.
Тепсіне келген кезеңде,
Тәңірінің бетін қайтарған!..
Өртеніп өзек,
Көп күйіп,
Өтсе де елдің қамы үшін
Көп кеудеге кек құйып,
Көтеріп кеткен намысын.
Әр сөзі болған бір алау,
Тартса да тағдыр талқысын,
Шын ақын Абай шығар-ау,
Қайғырған тұтас халқы үшін!
Сілтепті-ау сабаз алысқа,
Қасқайып өтіп кермеден,
Жүз жылдан астам жарыста,
Бәйгенің алдын бермеген!
Аңыздай болып әр күні,
Дабылы жеткен сан қырға,
Қазақы жырдың даңғылы,
Шын ақын – ата Жамбыл да!
Өзінен сөзін оздыртып,
Өтті де қанша ұлылар!
Көмейге келген сөзді іркіп,
Күмілжіп көрген кімі бар?!
Оларға қайтсін ел сенбей,
Уды да бұрын ішкесін,
Суырылып шығып семсердей,
Шындыққа ара түскесін!
…Ұшырдық өлең өмірге,
Ағызып ащы күнде тер.
Әйтсе де бізді ел тегінге,
Ақын деп атап жүр бекер!
Сәкен Иманасов