Осы кеш өлең жазбай да

Осы кеш өлең жазбай да,
Өлмеспін тіпті, тастайын.
Құрбыжан күлкі, наз қайда.
Қайда сол сырлас жас қайың.
Қыдырмай көптен қойдың-ау,
Көл бетін кезіп қайықта.
Көгілдір көгал ой мынау,
Бала боп жарысайық та.
Көрейік шығып қырға анау,
Жайып бір тастап шекпенді,
Биіктен төмен бір қарау –
Арманым еді көптенгі.
Ғажайып еді қыр қалай,
Күй болып ойнап тұр кеудем.
Құрбыжан, адастырмағай,
Өзіміз салған сүрлеуден…
Жүр енді кеттік тоғайға,
Онда да қызық десеңші.
Ешкім жоқ кезде маңайда,
Құшып бір сүйсем несі ерсі.
Онсыз отым маздай ма,
Осылай етсін басқа күн.
Осы кеш өлең жазбай да,
Өлмеспін, міне, тастадым.
Дедім де, … аштым дәптерді,
Оқушым,
қандай ой ұқтың,
Сөйтсем мен… осы сәттерді
Өлең ғып жазып қойыппын.
 
Сәкен Иманасов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *