Жастық шақта,
Әлі жігіт кезімде.
Масқара боп, мас болыппын өзім де.
Тентек суды түніменен сіміріп,
Тараппыз ғой таң бозарған кезінде.
Арақ құрғыр өшіріпті сезімді,
Өйтіп-бүйтіп жатқызыпты өзімді.
Қалбалақтап қасымда жүр анашым,
Керең болып кешке ашсам көзімді.
Еміс-еміс есім қайта кіргесін,
Аянышты хал-жайымды көргесін.
Жайлап қана сөз бастады анашым,
Ас-су ішіп, мен өзіме келгесін.
–Құлыным-ау,
Үйір болма ішуге!
Ішетіндер әбігерге түсуде.
Азаматтар өз қадірін қашырып,
Келеңсіздеу күйді бастан кешуде.
Ата-бабаң, өмір сүрді ішпей-ақ,
Едіреңдеп, ел көзіне түспей-ақ.
Аңғал, адал,
Бабаларың өтті ғой,
Кекірейіп, көптің алдын кеспей-ақ.
Қой, құлыным,
Керегі жоқ кесірдің!
Сендерді мен не үмітпен өсірдім!
Балиғатқа жеткізгенше, балам-ау,
Не күндерді мен басымнан кешірдім!
Сүттей аппақ, жаздың нұрлы кешінде,
Анашым-ау, айтқан сөзің есімде.
Жөн-жосықсыз ішуге мен шек қойдым,
Сол кештен соң келдім де бір шешімге.
Өсиетіңді есте мәңгі сақтармын,
Ұғынықты, ұшқыр ойды жақтармын.
Ұлағатты сөз қалдырып ұрпаққа,
Анашым-ау,
Ақ сүтіңді ақтармын!
Төребай Сәрсенбаев