Толғау

Азаттық алған біздің ел

, Әлеммен бірге өрісім.

Тағдырлас тату көршіміз,

Орысым мен немісім.

Тарихтың тізбей терісін,

Терейік өмір жемісін!

Түркімен, тәжік, өзбегім,

Сендердей ыстық көзге кім?

Он сегіз мың ғаламда

Қырғыздан жақын табам ба?!

Қаһарман халқы Кавказдың,

Баласы бір атаның,

Жалпақ бетті, жанкешті,

Көк мұхитта жапоным,

Соғыстың көрген атомын,

Қапаланып жүрсе де,

Көркейтті бүгін Отанын.

Түбі бірге түрігім,

Діні бірге арабым,

Алланың түсіп назары,

Ғаламға нұр боп тарадың.

Күн сүйген,қара маржаным,

Үнді, парсы, француз,

Толған халық жан-жағым,

Бәрінің де түбі бір.

Адам-Ата, Хауа-Ана,

Қаза берсең ар жағын,

Мен қазақтың баласы.

Ешкіммен жоқ жанжалым,

Өлең-жырмен осылай

Аспандата берейік

Ата-баба аруағын!

Әлемдегі бар елмен,

Сіз-біз десіп тұрамыз,

Америка, Канада,

Бразилия біраз ел,

Аргентина, Қытайым,

Олардың сырын ұғамыз.

Ирландия, ағылшын,

Болып та жатыр құдамыз.

Қиыр шетте көрейім

Секілді ғой керейім.

Тату болсаң бар елмен,

Биіктей берер мерейің!

Адамзаттың баласы,

Бір жағыңда цунами,

Толқытып жатыр теңізді,

Тулап жатыр тайфуның,

Гүрсілдеген жарылыс,

Бір жағыңда зілзала, Бактерия,

СПИД-пенТұмауы шықты тауықтың,

Бір-біріңе қастық қып,

Соншалық неге жауықтың?

Жебедей жүйрік уақыттың

Жүйемізді тескілеп,

Киемізді кескілеп,

Зырқырауын көрдің бе!

Былық-шылық батпағы

Уын жайып әлемге,

Бұрқырауын көрдің бе?

Ауылдың аңқау құлыны

Қоршауында қорқаудың

Шырқырауын көрдің бе?

Жарылыс пен апаттан

Жер-Ананың сүйегі

Сырқырауын көрдің бе?

Ғарышты кезіп барады,

Домалақ Жер-Анамыз.

Барлық ұлт пен ұлыстар

Жер-Анаға баламыз.

Шет-шегі жоқ ғаламда

Жер-Ана біздің панамыз.

Бір Тәңірім жаратқан

Адамзаттың баласы-ау,

Жер-Ананы ойрандап,

Адасып қайда барамыз?!

Адамзаттың баласы

Не мұратқа жетпекші,

Бірін-бірі мұқатып,

Балағынан ілгенде,

Мазақ қылып күлгенде,

Бетін тырнап тілгенде?

Не жетеді жалғанда

Жер бетінде жарқырап,

Сыйластықпен сыйысып,

Сіз-біз десіп жүргенге

       Б.Әлімжанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *