Бүгінгі толғау

Ақсақалды данаңыз,

Атағы асқан ағаңыз,

Ақын, жыршы, жазушы,

Ақыл, қайрат, санаңыз.

Ар жағында бәрінің

Тұрған жоқ па таудай боп

Алаш пен Манас бабамыз.

Ізгілік ой мен сезімді

Қорғаныңа балаңыз.

Жалпақ жалған жабыла

Жаһанданып жатқанда,

Қазақ пенен қырғыздың

Рухани таза әлемін

Қалай қорғап қаламыз?!

Қазына қанша жиналған

Қазақ пен қырғыз тілінде,

Асыл ой, таза қуаты

Тұнып жатқан түбінде.

Адамзатта тіпті көп

Аңыз бен жырдың мұрасы.

Ұқсағанмен мазмұны,

Ерекшелеу түрі де,

Толып жатыр ішінде

Ұсағы да, ірі де.

Тазасы да,кірі де,

Кереметіне талас жоқ.

Біз үшін бірақ солардың,

Аталардың сөзінен

Артық емес бірі де!

Қағынды мен соғынды

Қаңғып келіп қай-қайдан,

Қазынаңа қол салып,

Азғындықтың түр-түрін

Насихаттап жатқанын

Көргенде жаның мұздай ма?

Небір сұмдық жасалар,

Арақ-шарап, наша бар.

Ақыл-есін жастардың

Аздырмай ма, бұзбай ма?

Адастырмай балдарды,

Тура жолға қайткенде

Салам деп қаның қызбай ма?

Жақсыдан қалған із қайда?

Еліксе жастар өзгеге,

Барамыз ертең біз қайда?

Атадан қалған асыл сөз

Жанды улайтын жаманнан

Қорған болып тұрмай ма?!

Жастарға айтар тілегім–

Имандылық жолынан

Басқа жаққа бұрылма.

Құмар болмай арзанға,

Қолыңды соз ғылымға.

Жігер-қайрат жұмсай біл,

Ұлтым деген ұғымға.

Араздықтан аулақ бол,

Татулық тіле ғұмырға.

Ана тілін құрметтеп,

Еліңнің өсір мерейін.

Ұшсаң да ұлдар Ұрымға,

Қонсаң да қыздар Қырымға.

Өзіңнің туған халқыңнан

Жалғанда жақынтаппайсың.

Жылтыраққа алданып,

Жеріңнен шетке жырылма.

Тайталасқан заманда

Тыныштық іздеп жаныңа,

Түбіне пештің тығылма.

Жамандыққа қарсы шық,

Сенің де болсын үлесің.

Жақсылықтың туында,

Сабырмен ойлап жұмыс қыл.

Байбаламдап жұлынба,

Сынап-мінеп шетінен

Бәріне жұрттың ұрынба.

Кешірімді болып кеңдік қыл,

Келісімді болып теңдік қыл.

Өштесіп босқа қырылма,

Жақсылық қусаң жалғанда,

Жақсылық шығар алдыңнан.

Осыны мықтап ұғын да,

Алла деп алға баса бер,

Деп айтамыз біз бүгін,

Аталар айтқан бұрын да!

      Б.Әлімжанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *